Астанада 200-ге тарта дүкен ойына келген бағаны қойған

Астанада 200-ге тарта дүкен ойына келген бағаны қойған

Астана қаласында 200-де жуық сауда нүктесі әлеуметтік маңызы бар тауарларды рұқсат етілген бағадан қымбатқа сатып келген. Бұл туралы елорда әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев та айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Жыл басынан бері біздің мониторингтік топтар 500-ге жуық дүкенді аралап шығып үлгерді, оның ішінде 198 дүкен азық-түлік тауарларын белгіленген бағасынан асыра саудалаған. «Сауда туралы» заң бар, онда әлеуметтік маңызы бар тауарларға үстеме 15 пайыздан аспауы керектігі анық жазылған», - деді Ерлан Бекмырзаев.

Ол көптеген сауда желілерімен бағаны осы деңгейден асырмау туралы меморандумға қол қойылғанын да еске салды.

«Өкінішке қарай, меморандумға қаланың барлық сауда желілері қол қойған жоқ. Біз бұл жерде барлық тауар туралы айтып отырған жоқпыз. Бағаны көтермеу әлеуметтік маңызы бар 19 атаулы азық-түлікке қатысты. Сондықтан да шағын бизнесті, үй жанындағы дүкен иелерін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұруға және бағаны қолдан өсірмеуге шақырамыз. Ал заңнан аттаған сауда нүктесі иелеріне шара қолданылады», - деп қосты Ерлан Бекмырзаев.


Айта кетейік, қаңтар айында елде жылдық инфляция 20,7% болса, оның ең жоғары мәні Астана қаласында тіркелген. Қалада қаңтарда азық-түлік тауарларының бағасы 25,7%-ға өскен болатын. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны да 32%-ға жуықтаған.
Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы