Петропавл мектебіндегі шабуыл: оқушыға қатысты жаңа деректер айтылды

Петропавл мектебіндегі шабуыл: оқушыға қатысты жаңа деректер айтылды

Петропавлда мектепте балтамен шабуыл жасаған оқушы сыныптастарына бірнеше күн бұрын телефон арқылы қоқан-лоққы көрсеткен. Ата-аналар бұл туралы әлеуметтік желіде жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Олардың айтуынша, бала бірнеше күн бұрын бір оқушының үстіне әдейі шай төккен. Ал алдыңғы бейсенбі күні сыныптастарына ақ масканың фотосын жіберіпті. Үш күннен кейін ол дәл сол масканы киіп, қатарластарына балта ала жүгірген.

Қазір бұл мектепте психикалық ауытқуы бар тағы бірнеше бала оқып жатқан көрінеді. Сондықтан ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдап отыр.

"Ол балаға ешкім тиіскен емес. Ол өз бетімен жүрді. Ал балаларға телефонмен түрлі нәрсені жібергенде жауапты тұлғалар сол кезден бастап оны жіті назарға алу керек еді. Ата-аналар ақыл есі өзге балаларды бөлек оқыту керек деп есептейді. Қазір біз балаларымызды мектепке жіберуге қорқып отырмыз", - дейді ата-ана Надежда Шушемоина.

Ал құзырлы орган және мектеп әкімшілігі бұл іске қатысты тергеу жүріп жатқандықтан, әзірше қандай да бір ақпарат бере алмайтынын айтқан.

Еске салайық, бұған дейін Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ әкеліп, үш баланы жарақаттағаны хабарланған еді.

СҚО прокуратурасы мен облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, кәмелетке толмаған жасөспірім психиатриялық есепте тұр. Сонымен бірге Петропавлдағы мектепте шабуыл жасаған оқушының маскасы мен балтаның суреті тарады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан