Түркияда жер сілкінісі кезінде Ататүріктің суреттері қирамағаны рас па?

Жер сілкінісіне бірнеше күн өткен соң түркиялық және қазақстандық баспасөз құралдары Түркияның бірінші президенті, танымал саяси қайраткер Мұстафа Кемелдің (Ататүріктің) бүлінбеген портреттерінің суреті мен видеосын таратты. Әлеуметтік желі қолданушылары Ататүріктің портреттері, бюсттері мен муралдары жер сілкінісі кезінде қирамағанын айтып, мұны саясаткердің тірі кезіндегі қызметі мен жетістіктерімен байланыстырған. Алайда бұл дәлелденбеген, - деп хабарлайды Factcheck.kz.

Басылым мәліметінше, қанша ескерткіш аман қалғанын да есептеу мүмкін емес.

"Дәлелденбеген. Ашық дереккөздерде Мұстафа Кемелдің жер сілкінісінен қираған ғимараттардағы портреттері мен бюсттерінің саны туралы баспасөз құралдарында жарияланған суреттерден басқа мәлімет жоқ. Апат аумағындағы басқа картиналар, мүсіндермен салыстырғанда Ататүріктің қанша ескерткіші аман қалғанын есептеу де мүмкін емес. Сәйкесінше, тек Мұстафа Кемелдің портреттері мен бюсттері ерекше жағдайларға төтеп бере алады деп болжауға болмайды", - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ, жер сілкінісі кезінде қандай да бір заттың аман қалуы әртүрлі жағдайда байланысты болады екен.

"Заттардың аман қалуына әсер ететін факторларды да ескеру керек: мысалы, портреттер көтергіш қабырғаларда және жақтауда, ал кітаптар ішіндегіні қорғап қалған шкаф, үстел немесе сөрелерде тұруы мүмкін; жоғарыдағы суреттегі бюст ғимараттың ортасында, қабырғадан алыс орналасуы мүмкін; муралдардың бірі қабырғаның төменгі жағында конструкцияны қорғап тұрған арқалықта салынған; ал басқасы ғимарат қабырғасының ұсақ плиткасынан тұрады, суретке қарағанда жер сілкінісінен аз ғана зардап шеккен (терезелер де, балкон да аман қалған)", - делінген хабарламада.

Осындай апат кезінде оның суреттері мен ескерткіштерінің бүлінбеуін қандай да бір тылсыммен байланыстыру таңғалдыратын іс емес екен. Өйткені ол түріктер арасында ерекше құрметке ие.

"Ататүрік жетістіктері мен оның суреттерінің аман қалуы арасында ерекше байланыс барын айту иллюзор корреляция көрінісі болуы мүмкін. Иллюзор корреляция - оқиғалар арасында айтарлықтай байланыс барын асыра сілтеп көрсетуден байқалатын табиғи когнитив бұзылыс. Зерттеулер адамда күйзеліс деңгейі жоғары, оқиғаны бақылауы төмен болған сайын олардың иллюзор корреляцияға көбірек бейім болатынын көрсетті. Десе де Мұстафа Кемел - өте танымал адам, "ұлт атасы" ("Ататүрік" сөзінің өзі "түріктердің атасы" немесе "ұлы түрік" деген мағына білдіреді) және Түркияда оны қатты құрмет тұтады. Сондықтан мемлекет үшін қиын кезеңде адамдардың ерекше адамға байланысты заттарға назар аударып, оған ерекше қасиет беріп жатқаны таңғалдырмайды", - делінген жазбада.

Суреттер: ZTB

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!