"Райдер, арнайы гонорар жоқ". Ғаділбек Жаңай тойға қалай шығатынын айтты

"Райдер, арнайы гонорар жоқ". Ғаділбек Жаңай тойға қалай шығатынын айтты

Әнші Ғаділбек Жаңай күзде жеке шығармашылық ән кешін өткізуді жоспарлап отыр. "Бұл концертте халыққа жылу мен шынайылық сыйлаймын", - дейді өнер иесі Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында.

"Қазір әртүрлі шоуды да көрсетті, отты да көрсетті, аспаннан да түсті, жерден де шықты, сахнада небір халыққа тосынсыйлар болып жатыр. Бірақ мен қазір ойлаймын адамға не керек? Жылу керек. Халықтың ішіндегі мұңымен мұңдас, сырымен сырлас болсаң ән кешіндегі ең үлкен тосынсый сол сияқты", - дейді әнші.

Ғаділбек Жаңай ән кешінің нақты күні белгілі емес, бірақ қазанға жоспарлап отырғанын жеткізді. Әнші сахнада жанды дауыста ән шырқап, кавер орындайтынын айтады. Тіпті жаңа дуэттің тұсауы да кесілмек.

"Жаңа дуэт дегенде менің "Есте сақта" деген жетімдеу әнім бар еді. Неге жетім? Себебі оған бейнебаян түспеген, эфирге де шықпаған бірақ халық арасында өте кең тарады. Сонымен өзімнің күміс дауысты қарындасым Айгерім Мамырова екеуміз осы әнге жаңа леп қойғандай болдық. Сол әнді күтіңіздер", - дейді әртіс.

Ғаділбек ешқандай райдер жоқ екенін, тіпті арнайы гонарары да жоғын айтады. Ол той иесінің жағдайына қарап сөйлесіп келісетінін жеткізді. Тойдағы бағасы да әртүрлі. Кейде көп, кейде аз алады екен. Ал instagram әлеуметтік желіде беталды жарнама жасауға қарсы екенін жеткізді.

"Мен жарнаманы өте тексеріп жасаймын. Жарнама - ол жауапкершілік. Егер жауапкершілік болмаса жарнама жасап керек емес. Себебі жарнама беруші адамнан гөрі жарнаманы жариялаған адам жапа шегіп жатыр. Мен бүге-шігесіне дейін тексеремін, ол қандай зат дегендей. Ертең оның халыққа зияны тимей ме? Өзіме керек сұрақтарды қоямын. Көбі осы талаптардан өте алмайды. Маған ақыдан гөрі абырой қымбат", - дейді Ғаділбек Жаңай

Осы талаптардан өте алсаңыз әрине, өнер иесі әлеуметтік желіге сіздің тауарыңызды жарнамалап береді. Ал жарнама құны нақты қанша екені белгісіз. Себебі Ғаділбек Жаңайдың айтуынша, әр тауарға әртүрлі алатынын жеткізді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Ерболұлы