"Жер үстіндегілерге қарағанда астындағылар көбірек". Түркиядағы ерікті кейінгі жағдайды айтты

Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқан адамдардың отбасына 100 мың лира көлемінде қаржылай көмек беріледі. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мәлімдеді. Сонымен қатар, Анадолыдағы жағдай әлі қиын. Қазақстандық құтқарушылармен бірге елден барған еріктілер де аянбай зардап шеккендерге көмектесіп жатыр, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы. 

Зілзала аймағына Қазақстаннан құтқарушылармен бірге еріктілер де барған. Солардың бірі - "Қарайлас" қорының мүшесі Ақарыс.

"Жердің үстінде табылғандарға қарағанда жердің астындағылар көбірек сияқты. Бейресми ақпаратттарға сүйенсек 500 мың, миллионға дейін кетіп қалуы мүмкін дейді. Қазір дезинформациялар тарап жатыр ғой. "Бұл жаққа болды көмек керек емес, бұларға жетеді, киімдер шашылып жатыр" деген сияқты. Бұның барлығы жалған ақпарат. Олар пижамамен жүр. Жер сілкінісі болған, қашып шыққан", - Ақарыс Әділжан есімді ерікті.

Қазақстандық құтқарушылар осы уақытқа дейін 100-ге жуық адамның денесін үйінді астынан алып шықты. 7 адамды құтқарды. 

"Мына жерде өте қауіпті. 2 этажы төменге түсіп кеткен, тағы құлауы мүмкін. Сондықтан "мына жерге кірмей-ақ қойыңдар" десе, біздің құтқарушылар "жоқ, олар өмірден өтіп кетсе де, адам құсап жерлену керек шығар, біз оларды аман алып шығуымыз керек" деп кеше айтып жатқан сөздерін естідік", - деді ерікті.

Кейінгі деректер бойынша Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны шамамен 36 мыңнан асты. Жарақат алған 13 208 адам ауруханаларда ем алып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!