Бір қарбыз 2000 теңге көлемінде. Түркістан облысында қыста қауын-қарбыз саудасы қызып тұр

Бір қарбыз 2000 теңге көлемінде. Түркістан облысында қыста қауын-қарбыз саудасы қызып тұр

Түркістан облысы Сауран ауданында қыс ортасында қауын-қарбыз саудасы қызып тұр. Ақпанға дейін бақша дақылдары қалай сақталғанына таңғалған жұрт оны таласа-тармаса сатып алып жатыр. Тіпті бірнеше есе қымбат болса да бағасына қарап жатқан жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 

Рахманберді Мұсаев диқаншылықпен 40 жылдан бері айналысып келеді. Зейнеткердің қоймасында қыста да қауынның үш түрі, қарбыздың екі түрі бар. Бұл жемістер мамыр-маусым айында егіліп, қыркүйекте әбден пісіп-жетілген соң барып қоймаға түседі екен. Оның айтуынша, еккен қауын-қарбызының құрамында химикат мүлдем жоқ, есесіне ағзаға пайдалы дәрумендер мол.

"Бұл қауын-қарбызды еккен кезде оған селитра, жалпы тыңайтқыш себуге болмайды. Сепсем олар осы уақытқа дейін шыдамас еді. Бұл бір, екіншіден, жемістерді жинағанда да абайлап ұстап, бір-бірлеп тасып кіргіземіз. Солай алақанға салып аялағанның арқасында ғана олар бүгінге дейін мұрты бұзылмай тұр", - дейді Рахманберді Мұсаев.

Ала жаздай еккен бұл қауын-қарбызды қысқа сақтаудың машақаты да аз емес. Соның бірі - сақтайтын орын. Яғни, қауын-қарбыз сақтайтын қоймадағы ауа температурасы қатты суық та, қатты жылы да болмауы керек. Шамамен +5-7 градус аралығында болғаны дұрыс.

Сондай-ақ тағы бір мәселе - зиянкестер. Жаз айларында жемістің өнуіне құрт-құмырсқа кедергі келтірмеуі үшін Рахманберді Мұсаев оған арнайы дәрі қолданатынын жасырмады. Тауықтың тезегі де құрт-құмырсқаға қарсы қолданылады екен. Бірақ осындай бейнеттің зейнеті де баршылық, күн суықт екеніне қарамай ел қауын-қарбыздарды көліктеріне тиеп алып кетіп жатыр. Бір қарбыз 2000 теңге көлемінде. 

Айта кетейік, шаруалар қауын-қарбыздың өзін ғана емес, одан жасалған қақ пен қауынқұрт, тіпті тосабына дейін сатады. Осылайша, Мұсаевтар отбасы жыл сайын 10 мың банкі тосап пен қызанақ салатын саудалайды.

Мерей Матай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова