"Заңның шикі тұсын ашып оқуға кеңес беремін". Сырымбек Тау Мәжіліс сайлауынан неге шеттетілгенін түсіндірді

"Заңның шикі тұсын ашып оқуға кеңес беремін". Сырымбек Тау Мәжіліс сайлауынан неге шеттетілгенін түсіндірді
Фото: Facebook/Сырымбек Тау

Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау Мәжіліс сайлауынан неге шеттетілгенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол Facebook-парақшасында бөлісті. 

"Ардақты Алаш, қадірменді Қазағым - 2-3 күн болды әлеуметтік желідегінің жел шығаратын жалғыз темасы Сырымбек Тау болып тұр... Мен, сіздерге мәселенің мән-жайын түсіндіре кетейін. 2004 жылы Қазақстанға көшіп келдім. 2006 жылдан бері тұрақты тіркеудемін. Мен оқыған ҚР Ата Заңының 51-бабы, 4-тармағында "Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын "және" оның аумағында кейінгі он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады" деп анық жазылған. Конституцияда "ҚР азаматтығында тұратын" ЖӘНЕ деп тұр ғой! Қазақша ұғатын адам ретінде "азаматтығы бар адам" сайлауға қатыса алады деп тұр. Одан кейін жаңағы ЖӘНЕ деген сөзден кейін 10 жыл тұрақты тұратын деген екінші ой, екінші талап жазылған. Заңның осы сөзіне сүйеніп, құжат тапсырдым. Менің қолыма Қазақстан республикасының құжаты 2013 жылғы 8 тамызда қолыма берілді. Бірақ Конституцияда төлқұжат деп тұрған жоқ қой. Онда азаматтығы бар адам және 10 жыл елде тұрақты тұрған адам деп жазулы тұр! Айналып келгенде, Мен ҚР Азаматымын! Ол аздай 10 жылдан артық ел аумағында тұрдым. Әлі де аман болсам тұра беремін!" - деп жазған ол.

Сырымбек Тау Орталық сайлау комиссиясының шешімін түсінбейтінін айтты. 

"Қай заңның, қандай талабына сүйенгенін білмеймін. ОСК төлқұжат алған датаға қарап мені сайлаудан шеттетті. "Орталық сайлау комиссиясы маған қиянат жасап, әдейі бұрмалады" дегеннен аулақпын. Бірақ келесі Парламентте отыратын азаматтар осындай түрлі түсінетін заңдарды түзейді деп сенемін. Кешелі бері Сырымбек өзінің тексерістен өтпейтінін біле тұра не үшін сайлауға қатысады, жұртты босқа дүрліктіреді деп жатқан тырнақша ішіндегі тілеулестеріме "Заңның шикі тұсын ашып оқуға кеңес беремін", - деді ол.

Еске салайық, Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау Мəжіліс сайлауынан ресми түрде шеттетілген еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек