"Шешініп тастап өлең айтудың қажеті жоқ". Тоқтар Серіков жастарға кеңес берді

Танымал әнші Тоқтар Серіков "Оян" бағдарламасында жастарға өкпесі жоқ екенін айтты. Алайда ол жастар халық әндерін бұзып айтпаса екен деген тілегін жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазіргі жастарға айтарлықтай өкпем жоқ. Бірақ бір бауырларымыз бар, керемет өнерде жүрген, аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйын. "Халық әндерін бұзбай-ақ қойса, қадірін кетірмей-ақ қойса екен" деп айтамыз. Себебі бабалардан қалған аманат болса, бұл - халық әндері, күйлері, жырлары, дастандары. Осыған тимей-ақ қойсақ. Илья Жақанов ағамызға бірде мықты әнші келіп айтыпты. "Аға, бір әнді дайындап жатырмын. Осылай айтсам бола ма?" депті. "Болады" депті. Естайдың "Қорланын" айтыпты. Құйқылжытып айтқан. Сонда Илья Жақанов ағамыз "Бұдан кейін "Қорланды" бұлай қорламай-ақ қойшы. Бұрмалап қорлаймын десең, менің әндерім бар ғой, жетеді" депті. Бізде көбі қазақтың халық әндерінде мақамынан бөлек нәрсе жасап алады. Басқа жастарға өкпем жоқ. Қазір бір шығып жатқан жастар бар, риза боласың. ...Көпке топырақ шашпай-ақ қояйын. Қарындастарымыз бар. Басында Еуропаға еліктеп, қатты кетіп еді, қазір етек-жеңін жинап, жақсы болып қалдық. Әлі де бар. Қойдыру керек. Әлем танысын десек, әлем-жәлемнің, шешініп тастап өлең айтудың қажеті жоқ, - деді әнші бағдарлама барысында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!