Ертеде қазақ жер сілкінісі болатынын ағзасы арқылы білген - Этнограф күтпеген мәлімдеме жасады

Ертеде қазақ халқы жер сілкінісі болатынын табиғи тылсым күштер арқылы қалай болжаған? Бұл сұраққа белгілі этнограф маман Болат Бопайұлы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айта кетейік, бұған дейін қазақ ертеде жер сілкінісін жануарлар арқылы қалай білгенін жазған болатынбыз. 

Этнографтың айтуынша, жер сілкінер бұрын ауада біртүрлі магнит өрісті тымық ауа пайда болады да, адамдардың өкпе тыныс алуы ауырлап, жүректері қысып, мінездері тарылып, көңіл күйлері нашарлап, рухы әлсіреп, басы ауырып, сіркесі су көтермей бей-жей мазасыз күй кешеді. Ұрысып, жанжалдасып қалуға дайын тұрады. Оны өздері де сезбейді. Бұл жер сілкінерден бұрынғы табиғи орта мен жаратылыстың адам организміне берілген белгі деп қабылдаған жөн.

"Бірақ адам баласы оны тілсімнен келген тіл деп қабылдамайды. Мөлдір ауада жүріп жатқан магнит өресінің сонау шырқау аспандағы жұлдыз, күн, ай сынды аспан шырақтары мен жер шары арасындағы тартылыс күштерінің және жер асты терең қойнауындағы қатпарлы қазыналардың тартылыстық өзгерісінен, жерге ауыр қысым түсіп, жойқын қопарылыс пайда болып, зілзала туатынын атам қазақ бағзы заманда айтып кеткен екен", - дейді этнограф Болат Бопайұлы. 

Аспанда бір жұлдыз бар кері айналар,
Кері айнала, ол жұлдыз жер айналар.
Жер айналса керіге ісің кері кетіп,
Мұз боп қатып жүрекке шер байланар.
Ұршықтай жер айналып тұрып алса,
Жол таппай зілзаладан бас айналар.
Қазақтың қара өлеңінен

Қазақтың осы қара өліңнің түпкірінде анық зілзаланың шырқау аспандағы жұлдыздар мен жер тартылысы арасындағы, көзге көрінбейтін, ақыл жетіп қабылдай бермейтін бір тілсім құпиядан хабар беріп тұрғандай түйіледі. Этнограф жер астындағы жыр жыныстарының, жанар таулар құпарылыстары жер дүмпуі болса, зілзала аспан ғаламшар мен жер пленатасының тартылыс күшіндегі күшті магниттік өзгерісінен туындай ма деген ой туатынын айтады.

"Атам қазақ аспан есебін, жұлдыздар қозғалысын, жұлдыздардың орын алмасуына қарап, уақыт есебін дұрыс есептей білумен бірге, ауа райын жақсы болжай білген ғой. Соған қарағанда жоғарыдағы өлеңді бекер шығармаса керек, бір ұшқыр ой ғасыр түбіндегі аталар парасатына жетелей береді. Иә, иә. Осындай түрлі, тірі оқиғалардың нәтижесі жалпы адамзат, пенделігіне айтпаса да түсінікті. Әр пендеге, әр алуан ой туғызатыны ықтимал... Жалпы айтқанда, адамдар баласы табиғаттың осынау тылсым құбылыстарына қарап әртүрлі болжамдарға келетіні ақиқат", - дейді Болат Бопайұлы.

Тағы бір қызығы табиғи жүйе заңдылығының адамзат рухы мен сана түйсігіне берілетін әсері. Көңіл- күйдің болмай, мең-зең күйде болуы. Жоқтан өзге нәрсеге алаңдай беруі. Қалыпсыз жағдайда сезінуі т.б. Бұл дегеніміз жаратылыс заңдылығымен берілген табиғаттағы көзге көрінбей жүріп жатқан тылсым жұмбақ магниттік өрістің әсері екенін әлі күн мойындағымыз келмейді ғой.

"Атам қазақ табиғаттың қатты боранды, қалың қарлы, не топан сулы апатты тұстарын "Ызыңдаған күнің, қаптаған топан суың, шайқалған жерің құрысын" деп кейіс білдіруінің өзі көңіл күйге қаншалық ауыртпалық салып, мінезін өзгертетінін түптеп түсіндіріп жатпай ма?!

Осынау ұлы дала заңдылығын ажыратып, күн мен түннің, ай мен жылдың, апта мен тәуліктің уақытын таразылай білген. Қазақ жаратылыстың тосын құбылыстарын да, осылайша біліп отырған. Жуық арада болатын апаттың салдарын сезіп, алдын ала жорып, халықты қауіпсіз жерлерге көшіріп, мал мен жан басын аман сақтап қалып отырған", - дейді маман. 

Біз дәл қазір электрон, атом, ғаламтор, ғылым, техника, мәдениеті орасан зор дамыған ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Жалпы әлем елі бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тым жақындап та кеттік. Себебі ғаламтор көздері алысты жақындатты. Импортация Интернет желісі арқылы минутына қолдағы ұялы телефондарға қарша борап, тоқтаусыз әлем адамдарының хабары түсіп жатады. Құлақ естіп, көз көріп, ми қабылдап үлгермей жатады.

"Менің бұл мәселіні қадап айтып, қадағалап жазып отырғаным, қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен жаңа заман ғылым техникасын ұштастыра қабылдап, ғылыми көзқарасымыздан жемісті нәтиже шығара алып отырмыз ба? Тілсіз апаттарды күн ілгері болжап айтып, алдын ала біліп, халықты одан сақтандырып отырмыз ба? Негізгі мәселенің түйіні мен түйдегі дәл осы жерде жатыр. Біздің ойланатын да назар аударатын да, нүкте қоятын да жеріміз осы жер. Қазақ - табиғи апаттың барлық түрін "Тілсіз жау", "Дүлей апат" деп атаған. Алла осындай тілсіз жаудан, қауіп қатерден аман есендікте сақтасын дейміз", - дейді Болат Бопайұлы.

Этнограф Түркияға жойқын жер сілкінісіне байланысты қайғыра көңіл айтты.

"Осы орайда Түрік халқындағы бауырлас елде болып жатқан тілсіз жау, табиғи апат салдарынан қаза тапқан құрбандарының туыс-туғандарына қайғыра көңіл айтамын. Кейінгі 100 жылда болған ауыр жер сілкінісі мыңдаған адамның қаза болуына әкеп соқты. Әрине бауырлас халық үшін өте-өте ауыр жағдай. Ауыз ашып айтарға сөз таппайсың. Қабырғаң қайысып қиналасың... Түрік баурлас туыстар әлем елінен барған құтқарушылармен бірге қайғыны қайратқа айналдыра отырып, береке-бірлікпен, үйінді астында тірі қалғандар мен жаралы болғандарды тоқтаусыз құтқарып жатырсыздар. Сіздерге Алла өзі жар болсын!

Мұндай сұрапыл апат қайталанбасын.
Адам баласының басына салмасын.
Алла амандығын берсін бауырлар!

Түрік халқы ер жүрек хаһарман, дана халық. Тарихта талай сынақтардан сынбай өткен алып ел. Бауырлас елге Алладан амандық тілеймін", - деді этнограф. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!