"Қырық күн бойы дұға қабыл болмайды". Жұлдыз жорамалға сенуге бола ма?

"Қырық күн бойы дұға қабыл болмайды". Жұлдыз жорамалға сенуге бола ма?

Имамдар күнін жорамалмен жоспарлап, тірлігін болжаммен байланыстыратындардың дұға-тілегі қабыл болмайтынын айтады. Ал психологтар бұл адам психикасына кері әсері барын жеткізді, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Астрологтардың сөзінше, жалпы жорамалдардан гөрі бір ғана адамның туған күні мен жылына есептелген болжам тура келеді. Ол планеталардың қозғалысына байланысты жасалады екен. Маман жұлдыздар шатаспайтынын жеткізді.

"Адамның туған күніне қарай болжам картасы ұсынылады. Ол жерде 10 түрлі ғаламшар көрсетіледі. Оның әрқайсы белгілі бір жорамал белгісін көрсетеді. Соған қарап астролог сол адам туралы белгілі бір ақпараттарды көре алады. Ол қандай адам, не істеуі керек, қандай істе жолы болады тағы басқа және ол 100 пайыз нақты деп сенімді түрде айта аламын", - дейді астролог Ақбота Қадырбекова.

Имамдар бұл Ислам бойынша күнә екенін айтады. Олардың сөзінше, жұлдыздарға қарап, болашақты болжағандар сиқыр жасағандармен бірдей күнә арқалап, қырық күн бойы тілеген тілектері мен дұғалары қабыл болмайды.

"Болашақты Алла тағаладан басқа ешкім білмейді. Жұлдыздардың құрылымы біздерге болашақты баяндап бермейді. Бір адамның болашағын, мінезін, өмірін жұлдыздарға қарап, мынадай болады екен деп айналысуға болмайды", - дейді наиб имам Әділхан Серікбай.

Жұлдыз жорамалға тәуелділік адамның психикасын бұзады. Психологтың айтуынша, салдарынан адам өз бетімен шешім қабылдай алмай, сәтсіздікке ұшыраған жағдайда қиындыққа төтеп бере алмай қалады.

"Психикаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Жұлдызнаманың барлығы жанама түрде жазылған. Сондықтан барлығына бірдей келе береді. Адамдар ол ақпаратты жүрегіне жақын қабылдап жатады", - дейді психолог Анаргүл Ибрайымбекова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова