"Топтап жерлеп жатыр". Түркияда жүрген журналист Нұрбек Бекбаумен сұхбат

Түркияның оңтүстік-шығысында әлі де жер сілкінісі қайталанып жатыр. Қабырғалары сөгіліп, құлағалы тұрған ғимараттар тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп жатыр. Massaget.kz тілшісі Қазақстан халқының атынан киіз үй тігіп, бауырлас елге қол ұшын беріп жүрген ерікті топтың мүшесі, белгілі журналист Нұрбек Бекбаумен телефон арқылы сұхбаттасты.   

- Жер сілкінісі болған аумақтарда қазір жағдай қалай?

- Жағдай өте ауыр. Біз Түркияның оңтүстік шығысындағы Адана, Хатай, Қахарманмараш, Газиантеп қалаларының араларында жүрміз. Қахарманмараш қаласындағы ғимараттардың 70 пайызы құлады. Барлығы жермен-жексен болған. Кейбір аман қалған үйлер бар. Бірақ, оларға адамдар кіріп жатқан жоқ. Себебі құлап кете ме деп қорқады. Өйткені әлсін-әлсін жер сілкінісі қайталанып тұр. Мысалы, кеше түнде тағы жер сілкінді. Аздап сезілді. Кішігірім жер қозғалысының өзі қабырғалары сөгіліп, құлауға шақ тұрған ғимараттарға өте қауіпті болып тұр. Хатай қаласы да түгелге жуық қирады. Ал Газиантепте аман қалған үйлер, ғимараттар бар.

- Құтқару-іздеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

-3 провинцияда құтқару-іздеу жұмыстары аяқталды. Солардың бірі Адана қаласы. Аданада 10 шақты ғимарат құлап, 34 адам үйінділер арасынан аман шығарылды. 438 адам өлі табылды. Ал басқа қалаларда өлім көрсеткіші тым үлкен. Аршылмаған үйінділер көп. Тіпті, кейбір елді мекендерге құтқарушылар әлі барып та үлгерген жоқ. Ғалымдардың есебінше, 80 мың адам үйінді астында жатыр.

- Мәйіттерді жерлеу шаралары қалай жүргізіліп жатыр?

- Үйінді астынан шығарылғандардың құжаттары жоқ. Аты-жөндері белгісіз болғандықтан, топтап жерлеу процесі жүріп жатыр. Қаза тапқандардың саны ресми түрде 32 мыңнан асты. Кейбір елдерден мысалы, Әзербайжаннан кебіндер әкелінді. Кебін жетіспеушілік бар. Жалпы, көп нәрсеге қажеттілік бар, жағдай ауыр.

- Киіз үйлерге қанша адам сияды? Паналайтын жандарға қаншалықты жайлы?

- Қазақстаннан киіз үй тіге алатын 10 шақты жігіт келдік. Сосын 70-ке жуық ерікті бар, олар осы елде оқитын және жұмыс істейтін жастар. 1 киіз үйге шамамен 20 адам сияды. Сондықтан 1 мыңдай адамды қамти аламыз. Ас-су жеткілікті. Себебі, әлемнің түкпір-түкпірінен  гуманитарлық көмек келіп жатыр. Біз киіз үй тігіп, ас-ауқат дайындап, көмектесуге келген топпыз. Түркия - адам ресурсы көп мемлекет. Сондықтан шет елден ешқандай ерікті топты кіргізіп жатқан жоқ. Киіз үй құрып беретін болғандықтан ғана шекарадан өткізді.

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Аман-есен елге оралуға тілекшіміз!

Аягөз Ізбасарова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!