Пиццериядағы 15 жастағы қыздың өліміне қатысты сот үкімі тағы кейінге қалды

Пиццериядағы 15 жастағы қыздың өліміне қатысты сот үкімі тағы кейінге қалды
Фото: pixabay.com

Шымкенттегі пиццерияда мерт болған 15 жастағы қызға қатысты істің үкімі тағы кейінге қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Otyrar телеарнасына сілтеме жасап.

Шымкенттің Қаратау аудандық соты төрағасының айтуынша, процесс жүруі үшін кінәлі деп танылған азаматқа урду тілінде аудармашы қажет екен.

"Қазір Қаратау аудандық сотының бірінші сатылы соты қылмыстық іс жүргізу заңнамасының бұзылуына байланысты бұл істі прокурорға қайтардық. Прокуратура апелляциялық шағым түсірді. Қалалық соттың шешімімен біздің шешіміміз күшінде қалды. Енді бұл істі қалалық сот тағы да прокурорға жібереді. Бұл Пәкістанның тұрғыны болғандықтан істі қарай алмаймыз. Мен өзім онымен орысша сөйлесіп көрдім, ол орысша әрең сөйлейді, тіпті түсінбейді", - дейді Шымкенттің Қаратау аудандық сотының төрағасы Алпысбай Нәлібаев.

Еске салайық, былтыр 15 жастағы Ақару Құралбай пиццерияда ток соғып қайтыс болған еді. Мектеп оқушысы жаз кезінде сонда уақытша жұмыс істеген. Дәмхана қожайыны 2022 жылғы қыркүйек айында қамауға алынды.

Марқұмның анасы қызын қасақана өлтірген болуы мүмкін деп есептейді. Алайда полиция қызметкерлері сол кездің өзінде күдіктінің шетел азаматы болуына байланысты іс ұзаққа созылатынын айтқан еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан