Ақтөбеде жалақыға наразы қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шықпай қалды

Ақтөбеде қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шықпай қалды. Қалада жолаушы тасымалдайтын №1, 24, 26, 15, 16 бағыттағы көліктер кеше жүрген жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қоғамдық көлік жүрмеуі салдарынан тұрғындар жұмыстарына әрең жеткен. Ал "Автопарк" ЖШС-іне қарайтын көлік жүргізушілері еңбекақы дұрыс төленбегеніне наразы.

"Таңертең сағат 4:00-де жұмысқа шығамыз, содан кешкі 9:00-ге дейін жүреміз. 14 сағатқа 10 мың теңге төлейді. Бірақ соның өзін әр нәрсені сылтау қылып қиып тастайды. Мәселен, 20 күнде 200 мың теңге алатын болсақ, содан 20-30 мыңды ұстап қалады. Кейде көлігіміз бұзылып бекеттің ішіне келсек, сол үшін де ақша ұстап қалады", - дейді жүргізуші Амандық.

Бұл мәселе бойынша "Автопарк" ЖШС-нің директоры Ағарыс Тілеулесовке хабарластық. Оның айтуынша, бүгін жұмысқа шықпай қалған жүргізушілердің бәрінің емес, кейбіреулерінің ғана еңбекақысы дұрыс есептелмеген. Бірақ оның өзіндік себебі бар.

"Қазір электронды билет жүйесі енгізілді. Талап күшейді. Бейнебақылау камералары, GPS жүйесі бар. Оған қоса бақылау қызметі жұмыс істейді. Осылар арқылы жүргізушілердің түрлі заңбұзушылықтарға барғаны анықталып жатыр. Жолаушылар тікелей хабарласып, кейбір жүргізушілердің үстінен шағым түсіреді. Ал бақылау қызметкерлері видео, сурет арқылы хат жібереді. Мәселен, бір жүргізуші навигаторды сөндіріп, жолаушыдан қолма-қол ақша талап еткен. Енді бірі ақшаны өзінің жеке шотына аудартқан. Әр маршурттың кешкі рейстері болады. Соны толық орындамай ерте кетіп қалғандар бар. Ал мұндай тәртіп бұзғандарға шара қолданылады. Яғни 10 мыңнан бастап 30-40 мыңға дейін еңбекақысынан ақша ұсталады. Кейбір жүргізушілер бір айда 5 рет тәртіпбұзушылық жасаған" - дейді серіктестік директоры.

Ағарыс Тілеулесов жүргізушілер үшін есігі ашық екенін айтады. Қазір жұмысқа шықпай қалған азаматтармен хабарласып жатыр. Кейбіреулері тіпті заңбұзушылық жасамаған. Директордың сөзінше, олар өзгелерге еріп, жұмысқа шықпай отыр. Қазір қала бойынша 80-ге жуық қоғамдық көлік шықты. Кешке дейін көліктерді толық шығару үшін жұмыс жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұл серіктестікке қарасты 340-қа жуық автобус 24 бағыт бойынша қала тұрғындарына қызмет көрсетеді.

Кәмшат Қопаева

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!