Түркиядағы жер сілкінісі қолдан жасалғаны рас па?

WhatsApp-та Түркиядағы жер сілкінісі қолдан жасалғанын дәлелдейтін видео тарады. Бұл туралы сюжет түрік телеарналарының бірінде көрсетілген. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Stopfake.kz.

Желіде таралған видео 2022 жылғы қарашада Түркияның бірқатар ауданында 6.1 балдық жер сілкінісі болған кезде түсірілген. Қазір таратылып жатқан видео үзінділері елдің екі түрлі бөлігінде түсірілген. Ауласы жарықпен қамтылған үйдің видеосы Дюздже қаласында түсірілген. Ал алыста келе жатқан машиналардың ақ-қара видеосы Биледжиктегі Оклуджа ауылында түсірілген.

Екінші видеода көкжиекте жарық жыпылықтайды. Бұл жер сілкінісінің қолдан жасалғанының дәлелі емес. Ерекше әсер нақты түсіндірілмесе де, олар қастандық теориясын растай алмайды. Біріншіден, жарық жыпылықтаған кезде жерасты дүмпулері болып жатқан еді. Демек, керісінше, жыпылықтаған жарық жер сілкінісінен немесе оның салдарынан туындаған. Екіншіден, әлемде күшті жер сілкінісін қолдан жасайтын технология жоқ.

Сонымен қатар, конспирологтар HAARP жүйесі жер сілкінісін тудыратын құпия қару болуы мүмкін деген идеяларды бірнеше рет алға тартты. Шын мәнінде, бұл жүйе жердің ионосферасын бақылауға арналған және Аляска университетіне тиесілі. Ол ауа райына, тектоникалық плиталардың қозғалысына және басқа табиғи құбылыстарға әсер ете алмайды.

Қорыта айтқанда, Түркиядағы жер сілкінісі қолдан жасалмаған. Ал таралған видео -  бұл мәлімдемені дәлелдемейтін ескі роликтер топтамасы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!