Сарбаздар Ауған соғысының ардагерлерімен кездесті

Ұлттық ұланның "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу кештері өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шара Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Сарбаздармен кездесу кешін өткізген интернационалист-жауынгерлер, атап айтқанда Геннадий Дмитриевич, Александр Александрович, Егізбай Ботатайұлы, Александр Николаевич және Қалыбек Амангелдіұлы ауған соғысындағы естеліктерінен бастап, Ішкі әскер мен Ұлттық ұландағы қызмет жолдарынан біраз әңгіме тарқатты.

Қарт жауынгердің әңгімесінен әсерленіп шыққан жауынгерлердің көзінен ерекше ұшқын байқалды. Бұл – ұйымдастырылған шараның мақсаты орындалды деген сөз. Интернационал-жауынгердің сөзі жас буынның санасына ой салды, жүрегіне жетті. Басты мақсат та сол болған. 

Кездесу барысында сарбаздар қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Ардагерлер өз ойларымен бөлісіп қана қоймай, жауынгерлерге бейбіт өмірді сақтауға, түрлі арандатушылыққа бой алдырмауға, Отанды қорғау ісінде адалдық танытуға шақырды. Алды егде тарта бастаған, соңы жігіт ағасы болып қалған Ауған соғысының ардагерлері бөлім басшылығы тарапынан алғыс хатпен марапатталды. Кездесу ерекше емен-жарқын күйде өтті. Олардың әрбір сөзі, әрбір іс-әрекеті – кейінгі ұрпаққа үлгі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!