Астанада дәрігерлер екі сәбидің ішінен шар тәріздес зат алып шыққан

Астанада дәрігерлер екі сәбидің ішінен шар тәріздес зат алып шыққан
Фото: Видеодан алынған кадр

Астанада дәрігерлер сәбилердің ішінен шар тәріздес зат алып шыққан, - деп хабарлайды 24.kz.

Астанада дәрігерлер ауруханаға түскен екі баланың ішінен шар тәріздес зат алып шыққан.

Дер кезінде операция жасалғандықтан, қазір балалардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Бірінші сәби небәрі 11 айлық. Екіншісі 1 жаста. Алғашында балалар құса берген. Дәрігерлер оларды инфекциялық аурулар бөліміне жіберген. Тек ренгеннен кейін ғана асқазанда белгісіз заттың барын анықтап, шұғыл ота жасаған. 

"Ішек инфекциясы бойынша тексеріп, рентген арқылы шарларды жұтып қойғанын анықтадық. Жіңішке ішектің ішінде өсе бастағандықтан, құса берді. Операция әжептеуір қиындық туғызды. Жалпы, мұндай ойыншықтарды еңбектеген баласы бар ата-ана алмауы керек. Бұл өте қауіпті. Себебі қатты үрленсе өлімге әкелуі мүмкін", - дейді №2 көпбейінді қалалық аурухананың бөлімше меңгерушісі Серік Баймолдин.

Еңбектеп жүрген баласының денсаулығы кенет сыр бергенде анасы оны тамақтан уланған деп ойлаған. Сәби бір емес, екі шарды бірден жұтқан. Шар аш ішекке жабысып, үрлене түскен. 

"Таңертең құсып бастады бала, құсқанда уланып қалды ма деп ойладық, ойыншық жұтты деген ой болған жоқ. Бірінші инфекция бөліміне бардық, сол жақтан осы жаққа жіберді. Осында келгеннен кейін шар екенін білдік. Ол суға салғанда өседі, біздің бала екеуін жұтып қойған. Үйде балалар ойнаған, содан жұтып қойды", - дейді сәбидің анасы Дариға Дәулетбай.

Ел ішінде "орбиз" деп танылған бұл түрлі түсті гидрогельді шарлар дүкендерде оңай саудаланып келген. Қауіпті бола тұра, бағасы да анау айтқандай қымбат емес. Дәрігерлер оны ойыншық емес, қауіпті зат деп отыр. Тіпті сатылымнан алып тастаса екен дейді.

"Орбиз" негізінен ойыншық емес. Ол бау-бақшаға, әсемдікке арналған зат. Алайда кейбір ата-ана оны моториканы дамытуға қолданып жүр. Алған күннің өзінде бұл - кішкентай балаларға беруге болмайтын дүние. Қазір орбизді үлкен балалар көп сұрап келеді. Бірақ біз мұндай ойыншық сатпаймыз", - дейді сатушы Жарқынай Шарапова.

Мамандар мұндай шарлардың өте қауіпті екенін айтып дабыл қағып отыр. Ол суда 100 есе өседі. Яғни бір апта бойы іште болса, ісініп, аяғы өлімге әкелуі мүмкін.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек