Аш қарынға жеміс жеу арқылы қатерлі ісікті емдеуге бола ма?

Аш қарынға жеміс жеу арқылы қатерлі ісікті емдеуге бола ма?
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

WhatsApp-та доктор Стивен Мактың аш қарынға жеміс жеу қатерлі ісіктен айығуға септігін тигізеді деген хабарламасы тарады. Бұл әдіс ауруға шалдыққан науқастарға да көмектескен екен. Мұның бәрі - ескі фейк, - деп хабарлайды stopfake.kz.

Жемісті міндетті түрде аш қарынға жеу керек деген теория Желіде 2009 жылы кеңінен тарады. Ол кезде онкологиялық аурулар мен доктор Стивен Мак туралы ақпаратта айтылмаған еді. Snopes фаткчекинг порталы теорияға 1998 жылы Сингапур аспаз Деваги Санмугам жазған мақала негіз болды. Ол мәтінде аш қарынға жеген жемістің "дұрыс" сіңетіні, бұл адамдарға құрамындағы қоректік заттардың көп мөлшерін алуға мүмкіндік беретіні туралы айтқан. Бірақ мұндай қорытынды жасауға ғылыми негіз жоқ. Жемісті қашан жесеңіз де, бірдей сіңеді.

Осыдан кейін аш қарынға жеміс жеудің пайдасы туралы мәселе Желіде 2013 жылы көтерілді. Сонымен қатар, хабарламаға қатерлі ісік ауруын емдеу туралы мәлімдемелер және доктор Стивен Мактың "жеміс диетасы" контексіндегі сөздері қосылды.

Шындығында, жеміс-жидек жеу арқылы қатерлі ісік ауруын емдеу туралы зерттеулер жоқ. Сондай-ақ, Желіде осы тақырыпты зерттеген доктор Стивен Мак туралы мәлімет жоқ. Бұл дәрігерге тек жеміс-жидек диетасы туралы мәтіндерде ғана сілтеме жасалады, ал бұл мәтіндердің өзі бірінші тұлғаның атынан жазылмаған. Демек, доктор Стивен Мак ойдан шығарылған деп пайымдауға болады.

AFP порталының фактчекерлері 2021 жылы аш қарынға жеміс жеу қатерлі ісік ауруын емдейді деген пікірді тағы да тексерді. Тілшілер үш онкологпен сөйлесті, олардың бәрі аш қарынға жеген жеміспен қатерлі ісік ауруын емдеуге болады деген гипотезаны жоққа шығарды.

Қорыта айтқанда, таралған хабарлама - 1998 жылы жазылған дәлелсіз мақаланың "кеңейтілген" нұсқасындағы ескі фейк.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек