Жамбыл облысындағы газ тапшылығы: кейбір бекеттер жабылуға мәжбүр

Жамбыл облысындағы газ тапшылығы: кейбір бекеттер жабылуға мәжбүр
Фото: pixabay.com

Жамбыл облысында көлікке құятын сұйытылған газ жетіспей жатыр. Өңірлерге тым аз мөлшерде келгендіктен газ құю бекеттерінің көбі жабылып, ондағы қызметкерлер қысқарып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Астана" телеарнасы сөйлескен такси жүргізушілерінің сөзінше, газ құятын бекеттің бәрі талон арқылы құйып жүрген, қазір бұлай да құю мүмкін емес екен. Ал газ құю бекеттеріндегі қызметкерлер жұмысынан қысқарып, енді қайтіп күн көрерін білмей жүрген көрінеді.

Кейбір газ құю бекеттері жұмысын тоқтатты. Кәсіпкерлер жергілікті шенеуніктерді "газды теңдей бөлмей отыр" деп кінәлап отыр.

"Он шақты бекеті барларға 1 000 тонна береді. Олар мұны бір айда сата алмайды. Жамбыл облысының тұтынуына байланысты. Олар үстіне қосып, көтерме бағамен сатады. Менің ойымша, бұл әділетсіз", - дейді газ құю бекетінің директоры Гүлжамал Башығұлова.

Энергетика басқармасы мұны жоққа шығарды. Олар газ министрлік бекіткен талаппен таратылады дейді.

"Бұл бойынша "Атамекен" ассоциациямен бірлесіп, ұсынысты беріп жатырмыз. Жақын арада энергетика өз бұйрықтарына өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Сол кезде айтқан ескертпелер енгізілген кезде тек көтерме сауда есептеуді алған кезде бұл кісілерге көбірек бөлінеді деп ойлаймыз", - дейді Жамбыл облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы Мәулен Қожақов.

Ал келер айда Шымкенттегі газ өңдеу зауыты күрделі жөндеуге жабылмақ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан