Банктердің мобильді қосымшалары оңай бұзылатыны рас па?

Банктердің мобильді қосымшалары оңай бұзылатыны рас па?
Фото: elements.envato.com

Банк мобильді қосымшалары қаншама адамның қажет бөлігіне айналды. Олардың көмегімен ақшаны тез аударуға, қажет қызметтерге қашықтан төлеуге, банкке бармай-ақ несие алуға болады. Бұл қаншалықты қауіпсіз? Хакерлер банк мобильді қосымшаларын бұза ала ма? Егер бұза алса, бұдан қалай сақтануға болады? Stopfake.kz бұл сұрақтарға жауап берді. 

Хакерлер телефонды бұза алатыны рас па?

Иә, бұза алады, бірақ оған сіздің көмегіңіз қажет. Қаскүнемдер сізді алдап, телефондағы барлық іс-әрекетті көре алатын зиян бағдарламалық жасақтаманы орнатқызуы мүмкін. 

Телефонның бұзылғанын қалай түсінеміз?

Біреулер сізден кейінгі уақытта қандай да болсын қосымшаларды жүктеуді немесе мобильді банкингке және басқа бағдарламаларға кіру кодын хабарлауды сұрады ма? Есіңізге түсіріңіз.
Сондай-ақ, бұрын болмаған терезелердің ашылуы да телефон бұзылғанының белгісі болуы мүмкін. Бұдан басқа, зиян бағдарлама батарея қуатының әдеттегіден тез таусылуына ықпал етеді.
 

Телефон бұзылса, мобильді банкинг те бұзыла ма?

Банк қосымшасына кіру үшін пароль енгізу немесе сәйкестендірудің басқа түрінен өту қажет. Хакерлер қосымшаға кіру кодын білмейінше, олар оны бұза алмайды. Қосымшаға кодсыз кіру мүмкін емес. Банктер онлайн қауіпсіздікке көп көңіл бөледі және клиенттерінің қаражатын мүмкіндігінше қауіпсіз ету үшін жеке қосымшаларын әзірлейді. 
 

Телефонды бұзбай ұялы банкингті бұзуға бола ма?

Иә, болады, бірақ бұған сіздің көмегіңіз қажет. Әдетте, қылмыскерлер ешқандай мықты технологиялық әдістерді қолданбайды. Олар тексерілген схемалар бойынша әрекет етеді, дайын болсаңыз оларды тану қиын емес.
1. Фишинг - сізге ұтысты алып кететін немесе сауалнамадан өтіп, ақша алуға, жәрдемақы рәсімдеуге болатын, танымал дүкенде жеңілдіктер жасалатын сілтеме жіберіледі. Барлық жағдайда ерте ме, кеш пе сізден банк картасы немесе мобильді банкинг деректерін енгізу сұралады. Осыдан кейін, ақпарат алаяқтарға беріледі.
2. Әлеуметтік инженерия - бұл ретте алаяқтар жәбірленушілерге қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері, полицейлер деп таныстырады. Осылайша, олар адамдардан банк қосымшаларының логиндері мен құпиясөзін алуға тырысады немесе мобильді банкингті толық өз бақылауына алу үшін қашықтан кіру бағдарламаларын орнатуға көндіреді.
3. Зиян бағдарламалық жасақтама - сенімсіз дереккөздерден жүктелген тыңшы қосымшалар болуы мүмкін. Желіден жүктеп алуға болатын түрлі стандартты емес пернетақталар енгізілген деректерді үшінші тұлғаларға жіберуі ықтимал. 

Бұдан қалай сақтануға болады?

1. Мобильді банкингке кіру үшін тым қарапайым құпиясөз қоюға болмайды. 1234 коды - бұл жаман идея.
2. Тексерілмеген дереккөздерден қосымшаларды жүктеуге болмайды.
3. Қандай жағдай болмасын мобильді банкингке кіру кодын ешкімге хабарлауға немесе оны бөгде адамдардың көзінше енгізуге болмайды.
4. Қоғамдық Wi-Fi желілеріне жиі қосылмаңыз - мұндай байланыс қауіпсіз болмауы мүмкін.
5. Смартфондарға лицензияланбаған бағдарламалық жасақтаманы орнатпаған жөн.
 

Осы қарапайым ережелерді сақтай отырып, мобильді банкингті оның барлық артықшылықтарымен қауіпсіз пайдалануға болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек