"Тыйым салуға тыйым салынады". Күзетшілердің сөмкеңізді тексеруі қаншалықты заңды?

"Тыйым салуға тыйым салынады". Күзетшілердің сөмкеңізді тексеруі қаншалықты заңды?
Фото: pixabay.com

Қандай да бір мекемеге барсаңыз күзетші сізге түрлі талап қойып, күтпеген жағдайлар болып жатады. Бірі сөмкеңізді көрсетуді талап етсе, енді бірі мекемені суретке не видеоға түсіруге болмайтынын айтады. Шын мәнінде, күзетшілер қандай талап қоя алады? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді. 

Заңгер Надежда Гельдт Tengri Lifestyle басылымына берген сұхбатында супермаркет немесе дүкенге кірерде күзетшінің сөмкеңізді тексеруі қаншалық заңды екенін түсіндірген. Заңгердің сөзінше, "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңда мұндай міндет жоқ. Бірақ заң шығарушы ұйымдарда ережені мекеменің өзі белгілеуіне тыйым салынбаған. Сондықтан кіреберістегі күзетші сізден сөмкеңізді заттарды сақтауға арналған ұяшықта қалдыруды талап етуге құқылы.

Бірақ Азаматтық кодекстің 380-бабына сәйкес, ұяшықта сөмкені қалдыру не қалдырмау да өз еркіңізде. 

"Осылайша, сатып алушы дүкенге кірерде сөмкесін ұяшықта қалдырып кетуге міндетті емес. Сондықтан күзетшінің бұл талабын орындаудан бас тарта аласыз", - дейді заңгер.  

Көрнекі сурет: Pexels.com

Егер күзетші сізге дүкенге кіруге тыйым салса: 

- Азаматтық кодекстің 387-бабына сәйкес, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғамен жасалған және мұндай тұлға өз қызметiнiң сипатына қарай оған жүгінетін әркiмге қатысты жүзеге асырылуға тиіс тауарларды сату, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету (бөлшек сауда, көпшiлiк пайдаланатын көлiкпен тасымалдау, байланыс қызметi, энергиямен жабдықтау, медицина, қонақүй қызметiн көрсету және тағы басқасын) жөнiндегi оның мiндеттемелерiн белгiлейтiн шарт жария шарт деп танылады. Яғни сатушы барлық сатып алушыға тауар сатуға міндетті. 

- Тұтынушыға тиiстi тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) ұсыну мүмкiндігі бола тұра кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаның жария шарт жасасудан бас тартуына жол берiлмейдi. Осылайша, сатып алушы сізге тауар сатудан бас тартса, бұл тұтынушының құқықтарын бұзу болып саналады.

- Құқығыңыз бұзылған жағдайда оқиғаны камераға түсіріп ала аласыз. Заңға сәйкес (24-бап) сатушыға тұтынушылардың фото және бейнетүсірілімді қолдану құқығын шектеуге тыйым салынады.

Егер күзетші сіз ұрлық жасады деп күдіктенсе: Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 130-бабына сәйкес, жәбiрленушiнiң, сондай-ақ кез келген өзге азаматтың қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды оның өзге де қолсұғушылықтар жасау мүмкiндiгiнiң жолын кесу мақсатында ұстап алуға және оны қылмыстық қудалау органына немесе өзге де мемлекеттік билік органына беру не жеткізу үшін оның жүріп-тұру еркіндігін шектеуге құқығы бар. 

Яғни егер күзетші сіз қандай да бір құқық бұзды деп айыптауға жеткілікті негіз болса, сізді ұстауға құқылы. Бірақ тінту жүргізуге құқығы жоқ. 

Күзетші өкілеттіктерді асыра пайдаланса, Қылмыстық кодекстің 252-бабына сәйкес (Жекеше күзет қызметтерi қызметшiлерiнiң өкiлеттiктерiн асыра пайдалануы) қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай жағдайда күзетшінің аты-жөнін есте сақтап алу маңызды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина