Түркиядағы литосфералық тақталар 3 метрге жылжыды. Оның Қазақстанға қаупі бар ма?

2023 жылдың 6 ақпанында болған жер сілкінісі тек Түркия үшін ғана емес, жер сілкіністерінің толқыны шарпыған бүкіл әлем үшін ерекше сейсмологиялық оқиға болды. Мұның себебі неде және ол болашақта тек Түркия үшін ғана емес, басқа аймақтар, соның ішінде Қазақстанға бұл қаншалықты қауіп төндіреді?

Аталмыш сұрақтарға ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсарсен Өзбеков жауап берді.

© Flickr

Литосфералық тақталардың жылжуы қандай қауіп төндіреді?

Екі литосфералық тақтаның соғысуынан үйкеліс болып, жарылыс туады. Соның салдарынан жер сілкінеді. Бірақ бәрі мұнымен бітпейді.  Мұндай қуатты жер сілкіністері әсерінен жер асты дүмпулері күндерге, айларға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Бірақ, кейіннен олардың күші әлсірейді.

Араб және Анадолы тақталарының жылжуы нәтижесінде жер сілкінісі толқыны бүкіл әлемді шарпыды.

Дүние жүзіндегі жұртшылықты бір мезгілде планетаның әртүрлі бөліктерінде бола бастаған жер сілкіністері туралы хабарлар шошытты. Мұндай жер сілкіністерінен кейін планетаны бірнеше рет айналып өтетін сейсмикалық толқындар пайда болады. Олар жер сілкінісін тудырған литосфералық тақталармен мүлдем байланысы жоқ басқа аймақтарда сейсмикалық белсенділікті тудырады. Қауіптісі сол олар жанартауды да оятуы мүмкін.

Алайда ғалымдар мұндай жер сілкінісінің ықтимал салдарын болжай алмайды. Шындығында, сейсмикалық толқындардың салдарын айтпағанда, жер сілкінісінің өзін де болжау өте қиын.

Қазақстанға қаупі бар ма?

Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсарсен Өзбеков Түркиядағы тақталардың жылжуының әзірге Қазақстанға қаупі жоқ екенін айтады. Сондықтан Алматы мен басқа аумақ тұрғындарының алаңдауына негіз жоқ екен.

"Түркиядағы жер сілкінісінің әзірге Қазақстанға әсері жоқ. Біздің қондырғылар оны әрине тіркеді. Біздегі жағдай қалыпты. Мамандарымыз алдын ала болжам жасаған, қауіпті деп саналатын Алматы сейсмикалық ауданында күшті жер сілкінісі болмайды", - дейді отандық маман.

Еліміздегі ғимараттар нормаға сай салынған. Алматы әкімі Ерболат Досаев Алматы қаласының ғимараттары жоғары күші бар жер сілкінісіне төтеп бере алатынын айтұан болатын.

"2020-21 жылдары Алматыда жаңа тектоникалық жарылыстар пайда болғанын білесіздер. Жаңа Бас жоспарда барлық қажет сейсмикалық талап, соның ішінде жаңа ақаулар ескерілген: Абай көшесінен жоғары – 10 балл, төмен – 9 балл аймағында", - деді Алматы әкімі.

Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсарсен Өзбеков. © zonakz.net

Алматы әкімінің сөзін отандық сейсмолог мамандар да құптайды. Еліміздегі құрылыс нормаларына сеймологиялық карталар енгізілген екен.

"Кейінгі жылдары көп салынып жатқан ғимараттар жер сілкінісіне төтеп бере алатынын тексеру үшін сеймология мамандары карталар жасаған. Олар ресми құжат ретінде құрылыс нормаларына енген. Қазіргі салынып жатқан, атап айтқанда Алматыдағы ғимараттар сол нормаға сәйкес салынады", - дейді маман.

Алматы облысының сейсмикалық белсенділігі бар. Жыл сайын  орта есеппен 5000-7000-ға жуық жер сілкінісі болады, ал Қазақстан Республикасының аумағында жыл сайын орта есеппен 9000-12000-ға жуық жер сілкінісі болады.

"Көпшілік  халық  мейлінше сезінген   жер сіліністері де болды. Кейінгі бес жылда Қазақстан аумағында  осындай  66 сейсмикалық оқиға тіркелді. Алматыда айқын сезілген  жер сілкінісі  2022 жылдың 28 желтоқсанында Алматыдан 190 шақырым жерде Қырғызстан мен Қытайдың  шекаралас жерінде болды. Біз Алматы полигоны аумағындағы жер сілкінісінің орташа мерзімді болжамы бойынша қорытынды әзірлеп, уәкілетті органдарға тапсырдық. Бұл тұжырымға сәйкес, 2023 жылы Алматы полигоны аумағында жеті баллдық күшті жер сілкінісі күтілмейді. Ғылыми зерттеулер бойынша апта сайын қысқа мерзімді қорытынды жасалады, ол 200-ден астам болжамдық параметрлерді талдау негізінде құрастырылады. Осы тұжырымдар бойынша алдағы аптада да бәрі тыныш болады деп болжанған" - дейді Нұрсарсен Өзбеков.

© travelask

Литосфералық тақталар дегеніміз не және жер сілкінісі неліктен болады?

Күн жүйесіндегі көптеген басқа планеталардан айырмашылығы Жердің монолитті қыртысы жоқ, бірақ мантияда қозғалатын көптеген бөлек литосфералық тақталары бар. Әдетте олар жылына бірнеше сантиметрге жылжиды, бұл қалыпты жағдай. Бірақ кейде бұл плиталар қатты жылжып кетіп, бір-бірімен соғысады.

Әдетте, соғысудан кейін тақталар үйкеліп, нәтижесінде кернеу пайда болады. Жер қойнауында ұзақ уақыт бойы жинақталған механикалық энергия қысқа мерзімде шұғыл шығады. Мұндай жерсілкіну — Жер қыртысында ұзынынан созылған жарықтар жасайды.

Дәл осы себепті екі литосфералық тақтаның түйіскен жерінде немесе олардың шетінде орналасқан аймақтар ең сейсмикалық қауіпті аймақтар саналады. Мысал ретінде Түркияны келтіруге болады, оның басым бөлігі Анадолы тақтасында, ал оңтүстік-батысы Араб тақтасында орналасқан. Олардың арасында терең тектоникалық жарықшақ бар.

© travelask

Литосфералық тақталардың жылжуы Түркиядағы темір жолдың деформациясында айқын көрінеді.

Итальян сейсмологтарының мәліметінше, плиталардың жылжуы тек көлденең жазықтықта ғана емес, сонымен қатар тік жазықтықта да орын алған. Түркия территориясының бір бөлігі 5-6 метрге төмен түсіп кеткен соның салдарынан қазір елді су басу қаупі төніп тұр.

Айта кетейік, Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 21 мыңнан асты.

@massaget.kz #жерсілкінісі#рек#вулкан#ақырзаман#түркия#сирия#хочуврек#жер#география ♬ оригинальный звук - Massaget.kz