Алматы облысында тұрғындар газ құбырының игілігін көре алмай отыр

Алматы облысы Балқаш ауданының түрғындары үш жылдан бері көгілдір отынның игілігін көре алмай отыр. Аудан орталығы Бақанастың әр көшесіне газ құбыры жүргізілген. Бірақ сол құбырда газ жоқ. Ал ауыл тұрғындары табиғи газ келуін тағатсыздана күтіп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Балқаш ауданына жетіп тұрған газ құбыры "Алматы - Байсерке - Талдықорған" магистраліне жалғанған. Екі жыл бұрын Бақанаста газ желісін жүргізу жұмыстары аяқталды. 550 абонемент ортақ құбырға жалғанды. Тиісті ақшасы да төленіп қойған. Алайда уәде етілген көгілдір отын уақытында келмеген.

"Уәденің орындалуын күткен қиын. Көмір жағып отырмыз. Бірақ ол да кейде тапшы болады", - дейді ауыл ақсақалы Ермұхамбет Бейсенбаев.

Ол мәселе қаржыға келіп тірелетінін айтады.

"Ауылға газ құбыры тартылғанда қатты қуандық. Мен ортақ құбырға қосылдым. 300 мың теңгесін де төлеп қойдым. Бірақ газ жоқ. Қазір әрбір үй көмір деп бастары қатады. Оның үстіне көмір ақшасы барған сайын өсіп бара жатыр. Мысалы, бәрі Алматыдан, басқа жерден алып келеді. Оның шығыны бар өсетін. Бәрін есептегенде қалтаға барып тіреледі ғой. Газ келсе, көп нәрсе шешіледі", - дейді ол.

Ал газ мәселесін шешу үшін алдымен Балқаш ауданындағы автомат газ тарату станциясын жөндеу керек екен.

"Бес жыл бұрын станцияны салған "Ақниет Груп" компаниясы құрылыс-монтаждау жұмыстарында қате жіберген. Тергеу амалдары әлі аяқталған жоқ. Мемлекетке келген шығын 100 миллион теңгеге жуық. Ауданға газдың уақытылы жетпей қалуының себебі осында жатыр", - дейді  Алматы облыстық энергетика басқармасы, газдандыру бөлімінің бас маманы Мадияр Зәкіров.

Оның сөзінше, істен шыққан станцияны жөндеуге қосымша қаражат керек.  

"Биыл Бақанастағы автомат газ тарату станциясын жөндейміз. Ол үшін алдымен бюджет комиссиясына өтінім  жібереміз. Жаңа жобалық сметалық құжаттама әзірленеді. Станцияны жөндейтін мердігер анықтау үшін конкурс жарияланады. Соның барлығына 200 миллион төңірегінде қаражат керек. Коммисияда өтінім мақұлданып, тиісті қаражат аударылса, құбырға газ беру жұмысы биыл жазда басталады", - дейді ол.

Газ тарату станциясын толық жөндеп, іске қосуға жарты жыл уақыт кетеді. Демек, жыл соңына дейін Бақанасқа көгілдір отын бармайды деген сөз. Былтыр "Жаңа Бақанас" шағынауданын газ құбырына қосу бойынша жобалық сметалық құжаттама жасалған. Бұған дейін Бақбақты, Ақдала, Бояулы ауылдарына құбыр тартылған. Болашақта аудан бойынша 20 мың адам газбен қамтылмақ.

Асылан Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!