Ақсуда өрт салдарынан 5 бала зардап шекті

Ақсуда өрт салдарынан 5 бала зардап шекті. Өрт бірінші қабаттағы екі бөлмелі пәтерден шыққан, - деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы ТЖД өкілдері мәліметінше, 9 ақпанда сағат 17:55-те Астана көшесіндегі үйлердің бірінде өрт шыққаны жайында хабарлама келіп түскен.

Оқиға орнына Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің "ӨС және ЖҚ ҚЖ" ММ күш құрылымы жіберілген.

Өртсөндірушілер 5 қабатты тұрғын үйдің 1-қабатындағы 2 бөлмелі пәтердің жатын бөлмесінде пайдалануға қажет заттар мен жиһаздардың жанып жатқанын анықтады. Жалын жалпы көлемі 12 шаршы метр жерді шарпыған.

"Оқиға орнынан 7 адам эвакуацияланды. Ал Ақсудағы орталық ауруханға жедел жәрдем бригадасы 3 ересек және 6 баланы жеткізді. Кейін 5 бала ауруханаға жатқызылды",- делінген хабарламда.

Өрт сағат 18:20 оқшауланып, сағат 18:44-те толықтай сөндірілді. Жалынды ауыздықтауға Павлодар облысы ТЖ департаментінің 8 техникасы мен 16 қызметкері тартылды.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!