Елімізде 2024 жылдан бастап адам папиллома вирусына қарсы вакцина салынады

Адам папиллома вирусына қарсы вакцина 2024-2025 жылдары ұлттық екпе күнтізбесіне енгізіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы "Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы" қаулысында айтылған.

Жоспарға сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі 2024-2025 жылдары 11 жастағы жасөспірім қыздарды адам папиллома вирусына қарсы егуді жоспарлап отыр. 

Еске салайық, Қазақстандағы адам папилломасы вирусына қарсы вакцинацияның бұған дейінгі тәжірибесі сәтсіз аяқталған еді. 2013 жылы пилоттық жоба басталып, Атырау, Павлодар облысы, Астана және Алматыдағы 12-14 жастағы қыздарға екпе салынған. Алайда мектептегі екі оқушы қыздың есінен талып құлауы үлкен резонанс туғызған. Осыдан кейін жоба тоқтап қалған еді. Кейін қыздардың денсаулығындағы кінәрат вакцинаға мүлдем қатысы жоқ екені анықталды.

Жатыр мойны қатерлігі ісігі дүниежүзі бойынша әйелдер арасында жиі кездесетін онкология аурулары ішінде төртінші тұр. Ал Қазақстанда 2013 жылдан 2021 жылдар аралығында Қазақстанда жатыр мойны ісігінен 4 359 әйел қайтыс болған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!