"Балаларға тамақты үнемдеп беруге көштім". Қостанай облысында жуа қымбаттады

Қостанай облысында көкөніс күрт қымбаттап кетті. Қаладағы кейбір дүкендерде 1 келі жуа бағасы - 375 теңге, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл облыс аумағында халық тұтынатын азық-түлік қымбаттаған бірінші жағдай емес. Жыл басынан бері кейбір әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасы 25 пайызға дейін өскен. Жақында Премьер-министр Әлихан Смайылов облыс әкімдеріне бағаны ұстап тұру үшін барлық қажет тапсырма берілгенін айтқан еді. Алайда өңірде азық-түлік бағасы өсіп барады.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы жиынында ведомство басшысы Тимур Бисімбаев өңірдегі әлеуметтік маңызы бар тауар қорына тоқталып, баға өсімі статистикасын айтқан еді. Басқарма басшысының келтірген деректеріне тоқталсақ, жыл басынан бері жуа бағасы 25,4 пайызға өскен. Яғни келісі 118 теңгеден 148 теңгеге шарықтап кеткен. Осы аптаның басында бір келісі 250 теңгеден сатылған жуа апта ортасында 290 теңгеге қымбаттаған.

Бүгін қаладағы супермаркеттер мен шағын дүкендерде жуаның келісі 375 теңгеге дейін жеткен.

"Өздеріңіз көріп тұрсыздар ғой. Баға күн санап өсіп барады. Жыл басынан бері тамақты балаларыма үнемдеп беруге көштім. Біз секілді көпбалалы аналарға қиын болып тұр. Тамақ ішпей отырмаймыз. Бүгін жуаның өзін 375 теңге сатып алдым. Бұл деген сұмдық қой",- деп қынжылады көпбалалы ана Алтынгүл Сыдықова.

Қостанайда жыл басынан бері сүт өнімдері 19 пайызға, қырыққабат 14,2 пайызға, ұн өнімдері 13,3 пайызға, күріш 13 пайызға қымбаттаған. Алайда өңірде азық-түлік жеткілікті екен. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Тимур Бисімбаевтың айтуынша, тұрақтандыру қорында халықтың сұранысына ие 13 түрлі азық-түліктің 17 мың тонна қоры бар. 

Мешіт Ғазизұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!