Жер сілкінісінен мүлкіңіз қираса қайда жүгіне аласыз?

Жер сілкінісінен мүлкіңіз қираса қайда жүгіне аласыз?
Фото: Түркиядағы жер сілкінісі: twitter.com/anadoluagency

Апат айтып келмейді. Түркиядағы жер сілкінісі біраз адамды есеңгіретіп тастады. Көптеген ғимарат пен тұрғын үй қирап, жарамсыз қалды. Мұндай жағдайда зардап шеккен тұрғындарға шығынды кім өтейді? Ол үшін арнайы заң бар ма? Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне заңгер Думан Көпбаев түсіндірді. 

Табиғи апаттан зардап шеккендердің құқығы қалай қорғалады?

Думан Көпбаев мұндай жағдайларға қатысты "Азаматтық қорғау туралы" заң барын айтады. 

"Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V заңы бар. Осы заңның 58-бабына сәйкес "Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлармен жеке тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян (нұқсан) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, зардап шеккендердің ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шекте өтеледі", - дейді заңгер. 

Досаев Алматыдағы ғимараттар жер сілкінісіне қаншалық төзімді екенін айтты

Сондықтан салынған тұрғын үй төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға үкімет айқындайтын тәртіппен беріледі.

"Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үй Қазақстан Республикасының аумағындағы экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйі тұруға жарамсыз болған азаматтарға өтеусіз негізде беріледі", - дейді Думан Көпбаев.

Табиғи зардап шеккен адам ең алдымен қайда жүгінуі керек? 

Думан Көпбаевтың сөзінше, зардаптың екі түрі болады: біріншісі - қылмыстық зардап, яғни қылмыстық іс-әрекеттен келген зардап. Екіншісі - азаматтық іс жүргізу бойынша келген зардап. 

"Қылмыстық зардаптардың орнын толтыру, құқық қорғау, тергеу органдары, прокуратура және сот органдарына жүгіне алады. Ал азаматтық іс жүргізу бойынша зардап шеккендер сот арқылы құқығын қорғай алады. Сот процесінен кейін, дәлелдер келтіріліп, ардап мөлшері анықталғаннан кейін шығынның орны толтырылады. Яғни бәрі сот арқылы шешіледі", - деп түсіндірді заңгер.   

Қандай мүлік түрі үкімет тарапынан өтелмейді?  

Бірақ табиғи апаттан кейін кей мүлік өтелмейді. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын, уақытша құрылыстар, шаруашылық-тұрмыстық және өзге де салынған құрылыстар, сондай-ақ заңсыз салынған объектілер өтелмейді. 

"Сонымен қатар, бағалы киім, сән-салтанат заттары не бағалы металдардан жасалған, көркемдік құндылығы бар заттар өтелуге жатпайды. Ал жеке және заңды тұлғалардың төтенше жағдайлар туындаған кезде сақтандыру объектісі мүлкіне келтірілген нұқсан Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен сақтандырушының қаражаты есебінен өтелуге жатады", - деп түсіндірді маман.

Қазақстанда тұрғын үй құрылысының сапасын кім тексереді?

Пәтер сатып аларда құрылыс компаниясына табиғи апатқа қатысты қандай да бір талап қоюға бола ма? 

Сонымен қатар, заңгер пәтер сатып алушы құрылыс компаниясына табиғи апаттың салдарына қатысты алдын ала қаншалық талап қоя алатынын айтты. 

"Пәтер сатып алушы құрылыс компаниясына заң бойынша үйге қатысты талаптарды оның ішінде пәтер, шаршы метрі жайлы ғана талап қоя алады. Ал нақты құрылыс компаниясына жер сілкінісіне қатысты талап қою қарастырылмаған. Сондықтан сатып алушылар қандай пәтер алатынын өзі шешеді. Қазақстанда құрылыс компанияларында сатып алушылар ешқашан талап қою тәжірибеде болмаған. Заңда да қарастырылмаған", - дейді заңгер. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина