"Елге оралу ойымда жоқ". Қазақ қызы АҚШ-тағы өмірі туралы айтты

"Елге оралу ойымда жоқ". Қазақ қызы АҚШ-тағы өмірі туралы айтты

Егемен ел атанғанымыздың арқасында шетел асып, білім қууға мүмкіндік алғандар көп. Соның бірі - Жансая Сарманова. Атыраулық Жансая қазір АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Франциско қаласында тұрып жатыр. Massaget.kz тілшісі Жансаямен тілдесіп, АҚШ-қа қалай барғанын, екі елдің арасында қандай айырмашылықтар барын, болашаққа құрып отырған жоспарларын сұрады.

Жансая Сарманова 1993 жылы Атырау облысы Доссор кентінде дүниеге келген. Ол Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін биолог мамандығы бойынша тәмамдаған. Студент кезінен ағылшын тілін жетік меңгеруді көздеген Жансая арнайы курстарға ерекше құлшыныспен барған екен. Ал мамандығы бойынша диплом алған соң 2 жыл ISKER Consortium construction компаниясында әкімші болып қызмет атқарған, кейін сол жерден оқуға түсу мақсатында мұхит асқан.

"Барлығы қымбат". АҚШ-тағы алғашқы айлар

Жансая АҚШ-та қай жоғары оқу орнында оқығанын айтып берді.

"Алғаш 2017 жылғы қыркүйекте АҚШ-қа табан тигіздім. Биыл Intercultural institute of California оқу орнын аяқтадым. Коронавирусқа байланысты магистратураға өзім қалаған уақыттан кешігіп түстім. Бұл жақта оқу оқып жүрсең де жұмыс істемесең өмір сүру қиын. Барлығы қымбат", - дейді ол.

Жансая өзге елге қалай бейімделгенін де әңгімеледі.

"Басындағы 3 ай бойы қиналдым десем болады. 6 жыл аз уақыт емес. Қазір әбден үйренісіп, нағыз "америкалық тұрғын" атанып кеттім. Енді маған елге оралу қиын тиюі мүмкін", - дейді ол.

"Достар таптым". Тілді қалай меңгерген?

Қазақстандық тілді жақсы меңгеру үшін өзге ұлт өкілдері арасынан достар тауыпты.

"Жайлы аймақтан" шығып, ағылшын тілін толық игеріп алу үшін қазақстандықтардан гөрі өзге ұлт өкілдері арасынан достарды тапқанды жөн көремін. Бірен-саран ғана қазақ қыздарын танимын. Жанымда туған әпкем бар", - дейді ол.

"Жапон, корей деп шатастырады"

Жансаяның сөзінше, көбіне адамдар оны жапон немесе корей деп шатастырады екен. Алайда америкалықтар Қазақстан десе, ең алдымен Димаш Құдайберген мен Геннадий Головкинді біледі екен.

"Калифорниялықтар Қазақстан туралы хабардар болса да мені жапон немесе корей қыздарымен жиі шатастырады. Қазақстанды Геннадий Головкин мен Димаш Құдайбергенов арқылы танитындар бар", - дейді отандасымыз.

"Мысық пен итке алданып өмір сүреді". АҚШ-тағы өмір қандай?

Оның айтуынша, екі елдің халқында, болмысында ерекшелік жетерлік.

"Қазақстанмен салыстырғанда мұнда органикалықтан гөрі химикат қосылған тамақтардың үлесі көп. Халқы шыдамсыз, тез тағамға әуес. Жалғызбасты адамдары мысық пен итке алданып өмір сүреді. Біздің елдегідей қонақжайлық жоқ. Ауыр зат көтерген үлкен кісіге көмектеспек болсаң, ол саған үрке қарауы мүмкін, яғни әр адам "жеке кеңістік" дегенді қатаң сақтайды. Сондай-ақ, АҚШ-та балаларды кішкентайынан мұғалімдері "сен ата-анаңнан таяқ жеуге міндетті емессің" деп үйреткендіктен, олар өсе келе үлкендерге мойынсына бермейді. Жасөспірім кезінен құқықтарын қорғауға құмар. Ал жақсы жақтарына келетін болсақ, АҚШ-та заңның күші зор. Сөз бостандығы бар. Қоғамдағы ер мен әйелдің ролі тең", - дейді ол екі елдің ерекшелігі туралы.

"Басты мақсат тіл үйрену болды"

Жансая АҚШ-қа барып, білімін жетілдіргісі келетіндерге, жұмыс істеймін дейтіндерге кеңес берді.

"Бұрынғыға қарағанда доллардың бәсі көтерілгеніне байланысты бұл жаққа келу қиындап кетті. Өзім үшін басты мақсат тіл үйрену болған. Осынша ұзақ уақыт қаламын деп ойламадым. Молырақ ақша тауып кетемін дейтіндер болса, ағылшын тілінде еркін сөйлей алмайтындардың табысы едәуір төмен болатынын айтар едім. Көп отандасымыз студенттік визамен тіл курстарын оқуға келіп жатқанын білемін", - дейді ол.

"Елге оралу ойымда жоқ". Қазақ қызының бұлай деуіне не себеп?

Ол туған жерге деген сағыныш болса да елге қайтқысы келмейтінін айтты.

"Әрине, көптен жырақта жүргендіктен, туыстарымды, отбасымды сағынатын кездер болады. Ұлттық тағамдарымыздың қадірін түсіндім. Мен кеткелі Атырау жылдан-жылға көркейіп жатқан шығар. Бірақ ендігі жоспарым - осы жақта жақсы маман болып қалыптасу. Елге оралу туралы ойым жоқ", - деп түйіндеді ол әңгімесін.

Асылбек Есжан

Еске салайық, бұған дейін Кореяда оқыған қазақстандық неге елге оралғанын айтқаны туралы жарияланған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова