Алматыда жойқын жер сілкінісі болса, қанша адамның өмірін қиюы мүмкін?

Алматыда жойқын жер сілкінісі болса, қанша адамның өмірін қиюы мүмкін?
Фото: Әлихан Сариев/Tengrinews.kz

Төтенше жағдайлар министрлігі Алматыда жойқын жер сілкінісі болса, қанша адам мерт болып, қаладағы ғимараттардың қанша пайызы қирайтыны туралы болжам айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"7-8 балдық жойқын жер сілкінісі болса, ғимараттардың 30%-ы толық не жартылай қирауы мүмкін. Ал тұрғындардың 23%-ы, яғни 380 мың адам зардап шегуі мүмкін. 125 мың адамдай қаза тауып, 250 мыңдай адам жарақаттанады", - деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі. 

Ал Алматыдағы метро 9 балдық жер сілкінісіне шыдай алады.

"Метрополитенді жобалау кезінде геологиялық жағдайлар мен қалада жер сілкінісі қаупі бары ескерілді. Туннельдерде әр 25-30 метр сайын дүмпу болған жағдайда метроның бүтіндігін қамтамасыз ететін деформациялық-техникалық жабдықтар бар. Сонымен бірге антисейсмикалық шаралар да қарастырылады. Осылайша, метро 9 балдық жер сілкінісіне шыдай алады", - деп хабарлады министрлік.

Ал Алматыдағы 1970-90 жылдары салынған ғимараттың көпшілігі талапқа сай келмейді. 

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, физика-математика ғылымдарының кандидаты Нұрсәрсен Өзбеков Massaget.kz тілшісіне Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты болжам айтып еді. Оның сөзінше, Алматыда 2023 жылы 7 балдан асатын жойқын жер сілкінісі болмайды.

"Жақында ғана бізде Алматы полигонының аумағында жер сілкінісінің орта мерзімді болжамы туралы қорытынды әзірленді, ол уәкілетті органдарға берілді. Қорытындыға сәйкес, 2023 жылы Алматыда жеті балдан асатын жойқын жер сілкінісі болмайды. Ғылыми-іздестіру тұрғысынан 200-ден аса болжамды параметрлерді талдау негізінде жасалатын апталық қысқа мерзімді қорытынды әзірленеді. Осы қорытындылар бойынша алдағы аптада да бәрі тыныш болады", - деді Нұрсәрсен Өзбеков. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан