Павлодар облысында білім бөлімі мектеп салатын мердігер компаниямен соттасып жатыр

Павлодар облысында білім бөлімі мектеп салатын мердігер компаниямен соттасып жатыр

Павлодар облысында Сарышығанақ ауылы мектебінің жөндеу жұмыстары басталғанына жеті ай болды. Қыркүйекте білім ошағының оқушылары алғашқы қоңырауды клубта қарсы алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мердігер компания өкілдері қыркүйекте жөндеу жұмыстары қарашаның 13-іне дейін бітетінін айтқан еді. Алайда ақпан басталса да мектептің бірінші қабаты әлі жөнделіп жатыр. Қазір оқушылар екінші және үшінші қабатта оқып жатыр.

"Сабақ кезінде жұмыстарды тоқтатамыз. Мектеп бір ауысыммен оқитындықтан түстен кейін бос, сол кезде жөндеу жасайды. "Әне бітіреміз, міне бітіреміз" деп созбаққа салып келеді. Кейінгі жолы "қаңтардың 31-іне дейін аяқтаймыз" деген. Міне, ақпан басталды, әлі біткен жоқ", - дейді Сарышығанақ ауылдық мектебінің директоры Қалимаш Баймұқанова.

Былтыр Павлодар облысында "Заманауи мектеп" бағдарламасы аясында 46 мектепке күрделі жөндеу жасалды. Оған республикалық және өңір қазынасынан барлығы 9 миллиард 200 миллион теңге жұмсалған. Осы 46 тендердің он төртін "ГрадСтройСервис" ЖШС ұтып алған.

Солардың бірі - Сарышығанақ мектебі. Оның күрделі жөндеуіне 400 миллионға жуық теңге бөлінді. Бұл компания күрделі жөндеу жасаған білім ошағының көбі күзде мерзімінен кеш тапсырылған. Ертіс ауданындағы Абай мектебінің жұмыстары да жаңа жылға дейін созылған. Қазір тапсырыс беруші Ақсу қалалық білім беру бөлімі мердігермен соттасып жатыр. Сот процесі Түркістан облысында өтіп жатыр.

"ГрадСтройСервис" Түркістан облысында тіркелген компания болғандықтан сол жақтың экономикалық сотына шағым түсірдік. Осы уақытқа дейін үш рет тыңдалым өтті. Сарышығанақ мектебі бойынша қабылдап алу актісіне әлі қол қойған жоқпыз", - дейді Ақсу қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қайрат Смағұлов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget