"Өзің сезген бір бөлек". Ләйлә Сұлтанқызы Түркиядағы жер сілкінісі туралы айтты

Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы жақында Түркияға демалуға кеткен. Ол жер сілкінісі қалай басталғанда қайда болғанын, қан тапсыру орталығында дәрігер қандай кеңес бергенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті. 

"Жаңалықтарды естіп жатқан шығарсыздар. Өзің сезген бір бөлек. Түркияның эпиорталығынан алыс емес едім. Таңға жуық 3-4 шамасында бір шатыр-шұтыр дауыстан оянып кеттім. Көршінің балалары алысып ойнап жүрген шығар деп ойладым. Ары қарай көзім ілініп кетіпті. Таңертең төменге түссем, у-шу. Әбден қорқып қалған, мазалары қашқан жандарды көргенде, түнде тоңазытқыштың үстіндегі заттардың қозғалып, есіктің тарс-тұрс жабылғанын да естімегенімді түсіндім", - деп жазған ол. 

Ләйлә Сұлтанқызы қан тапсыру орталығына келгенде дәрігердің айтқан кеңесін бөлісті. 

"Орталыққа қан тапсыруға келсем, дәрігерлердің де зәресі ұшқан. Бүкіл артық дәрі-дәрмектері мен заттарын жинап, жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесуге жиналғандарына өзім куә болдым. Дәрігерлер қайтыс болғандардың саны көбеюі мүмкін екенін айтты:

- Үйіңізде ысқырық бар ма?
- Жоқ, неге?
- Адамдарды үйінді астынан ысқырықпен ысқырған дауыстары арқылы тауып, шығарып алып жатыр. Сізде де болғаны дұрыс.
Бүгін дәрігермен болған осы диалог есімнен кетер емес. Кейбір жерде әлі 2-3 балдық жер сілкінісі сезіледі. Президентіміз бұл жағдайға қатысты Түрік еліне шұғыл көмек көрсетуді Үкіметке тапсырыпты. Алла ананы баладан, баланы әке-шешеден айырмасыншы.Түрік бауырларымызға тек сабыр тілеймін. Құдай қорғасын", - дейді тележүргізуші. 

Желі қолданушылары тележүргізушінің амандығын тілек, пікір қалдырған. 

"Құдай сақтасын! Елге аман-есен оралыңыз!" "Құдай жар болсын", "Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын", "Елге тезірек оралыңыз", "Түрік бауырларымызға сабыр берсін", - деп жазған пікір қалдырғандар. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!