Биыл Алматыда жойқын жер сілкінісі бола ма? Сейсмолог мамандар болжам жасады

6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында Сириямен шекаралас аймақта 7 балдан аса жер сілкінісі болды. Кейінгі мәліметтер бойынша, екі елде қаза болғандар саны 4 мыңнан асқан. Бұл сейсмоқауіп бар өзге де қала тұрғындарының зәресін ұшырды. Алматы сейсмоқауіпті қалалардың бірі екені белгілі. Тұрғындар ара-тұра жер сілкінісін сезіп тұрады. Алматыда биыл жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін бе?

ТЖМ Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, физика-математика ғылымдарының кандидаты Нұрсәрсен Өзбеков Massaget.kz тілшісіне Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты болжамды айтты. 

Нұрсәрсен Өзбеков ең алдымен Қазақстандағы сейсмикалық жағдай туралы айтты. 

"Шығыс Қазақстан облысынан Қызылорда облысына дейін сейсмикалық қауіпті аймақтар бар, ол жерде дүмпулер 9 балға дейін жетуі мүмкін. Әсіресе Алматы өңірі Орталық Азиядағы қауіпті аймақтардың бірі болып саналады. Бұған дейін де Алматыда жойқын жер сілкіністері болған: 1887 және 1911 жылы", - дейді маман.

Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Нұрсәрсен Өзбековтің сөзінше, қазақстандық сейсмолог ғалымдар ел аумағындағы сейсмикалық қауіп бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, сейсмикалық жағдайды көрсете отырып, сейсмикалық қауіпті, сейсмогендік аймақтар бөлінген жалпы сейсмикалық аудандастыру, аймақтарға бөлу карталарын әзірлеп жатыр екен. Басқа карталар да, соның ішінде елді мекендер үшін де жасалады. Мысалы, Алматы үшін микрозондтау сейсмокартасы әзірленген. 

"Жалпы, сейсмикалық режим мынадай: кейінгі бес жылда Қазақстан аймағында сейсмикалық құрылғыларда 40 мыңға жуық жер сілкінісі болған. 2018 жылы - 8500, 2019 жылы - 7800, 2020 жылы - 9500, 2021 жылы - 6700, 2022 жылы - 6900 жер сілкінісі. Бұл сейсмикалық фон, геологиялық аймақтың сейсмикалық өмірі. Яғни бұл жалпы қатты байқалмайтын жер сілкіністері. 

Халық қатты сезген дүмпулер де болған. Кейінгі бес жылда мұндай 66 жер сілкінісі байқалған. Кейінгі қатты байқалғаны 2022 жылдың 28 желтоқсанында Алматыдан 190 шақырым жерде, Қырғызстан мен Қытай шекарасында болған", - дейді ТЖМ Сейсмология институты өкілі. 


Фото:seismology.kz

Жалпы, сейсмикалық жағдайға баға беру үшін Сейсмология институты әртүрлі мерзім бойынша болжам жасап отырады. Орта мерзімді және қысқа мерзімді болжам түрі болады. Орта мерзімді есеп жылына екі рет жасалады. 

"Жақында ғана бізде Алматы полигонының аумағында жер сілкінісінің орта мерзімді болжамы туралы қорытынды әзірленді, ол уәкілетті органдарға берілді. Қорытындыға сәйкес, 2023 жылы Алматыда жеті балдан асатын жойқын жер сілкінісі болмайды. Ғылыми-іздестіру тұрғысынан 200-ден аса болжамды параметрлерді талдау негізінде жасалатын апталық қысқа мерзімді қорытынды әзірленеді. Осы қорытындылар бойынша алдағы аптада да бәрі тыныш болады", - дейді Нұрсәрсен Өзбеков. 

Маман Түркиядағы жер сілкінісіне қатысты ойын айтты. Нұрсәрсен Өзбековтің сөзінше, Түркиядағы жер сілкінісін алдын ала болжау қиын болған. 

"Тек Түркияда емес, дүние жүзінде жер сілкінісін алдын ала болжау қиын. Әсіресе қысқамерзімді жер сілкінісін болжау оңай емес, себебі ол нәрсеге ғылыми тұрғыда зерттеу қажет. Жер сілкінісін алдын ала болжауға қатысты мысалдар көп. Ол Қытайдағы жер сілкінісі", - дейді Нұрсәрсен Өзбеков.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!