"Сол күні білдім". Аймағамбетов отставкаға кетуі туралы сұраққа жауап берді

"Сол күні білдім". Аймағамбетов отставкаға кетуі туралы сұраққа жауап берді

Оқу-ағарту министрлігінің бұрынғы басшысы Асхат Аймағамбетов отставкаға кетуі туралы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Экс-министр отставкаға кететіні туралы ресми сол күні білгенін айтады. 

"Ресми сол күні білдім, ақпарат құралдарынан. Жоғары билік қызметімнен кететінімді ескертуінің ешқандай міндеті жоқ қой. Негізі бұл мемлекеттік қызмет. Менің ойымша, бұл саяси қызмет. Саяси қызметтің ерекшелігі бар. Саяси қызметке тағайындау үшін тест тапсырмайды, квалификациялық талаптар, міндетті тәжірибе деген талап қойылмайды. Бұл саяси қызмет. Оның тағайындауы да жедел, тез саяси шешім қабылданып, тағайындалады. Саяси қызметкерлер шешім қабылданып, кетеді. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлер осындай шешімдерге дайын болуы керек. Мен үш жыл жеті ай жұмыс істедім. Министрлер өмір бойы бір қызметте отыра бермейді. Бұл менің ойымша, үйреншікті дұрыс шешім қабылдайтын шешім", - деді министр журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында. 

Сонымен қатар, экс-министр "танымал болып кетіп еді, көпшілік жақсы көріп кетіп еді, сол ұнамай қалды-ау" деген ойларға пікір білдірді. 

"Жоқ мен олай ойламаймын. Себебі бізде мен туралы тек жақсы пікірлер емес, сын пікірлер де аз болған жоқ. Сондықтан олай ойлау, меніңше, дұрыс емес", - деді Аймағамбетов. 

Еске салайық, Асхат Аймағамбетов 4 қаңтарда оқу-ағарту министрі қызметінен босатылған болатын. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина