Көкпар тартатын әйел көпшіліктің қарсылығынан ат бәйгесіне қатыса алмай жүр

Көкпар тартатын әйел көпшіліктің қарсылығынан ат бәйгесіне қатыса алмай жүр
Фото: видео скрині

Түркістан облысы Созақ ауданында көкпар тартып, бәйгеге қатысатын шабандоз әйел тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Otyrar телеарнасына сілтеме жасап.

Алты баланың анасы Адолат Әлтешова жастайынан атқа мініп, өңірге танылған. Ол аудандағы мықты көкпаршылардың қатарында.

"Шешемнің ішінде жатып-ақ, атқа мінгенмін десем болады. Туғаннан кейін әкем алдына мінгізіп, үш жасыма дейін үйретті. Бес жасымнан кейін өзім міндім. Енді осы күнге дейін жылқы шаруашылығымен айналысамыз. Әкеміз 45 жасында ерте қайтыс болып кетті, шешеміз 63 жасында қайтыс болды. Шешіміз де өлгенше ат мінді, бірақ көкпар шаппаған. Ал әкеміз шабандоз болған", - дейді ол. 

 Адолат Әлтешова кейінгі кезде көпшіліктің "көкпар әйелдікі емес" дейтін қарсылығынан жарыстарға қатыса алмай жүр екен.

"Баяғыдан бері ешкім бетімді қайтарған емес. Күздің күні көкпар болды. Сол кезде "әйел адам араласуға болмайды" деп, шығарып тастады. Өзім бір атты мініп жүремін, бір атқа балаларды мінгіземін. Қасында қарап жүремін. Сол кезде шығарып тастады. Оған дейін болған емес. Әкемнің өзі кішкентайымнан ұлдай көріп, ұлдай өсіріп, көкпарға баулыған", - дейді ол.

Ал күйеуі әйелінің көкпар тартып, жарыстарға қатысқанына еш қарсылығы жоқ.

Адолат Әлтешова қазір Созақ ауылы маңынан жылқы фермасын ашып, көкпарға қатысатын аттарды баптаумен айналысып жүр.

"Барлық жағынан ұнаттым ғой, жасыратыны жоқ. Алланың қалауымен отбасын құрдық. Күйеуіне деген сый-құрметі бар, әйелге лайық. Барлығы Алланың қалауы ғой, атқа, жылқыға құмарлық қой. Мен өзім де құмармын. Бала-шағамыз да қызығады. Бұл - мен үшін қуаныш", - дейді күйеуі Халық Әбішев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан