"Үйсіз-күйсіздер түнейтін орынға айналған". Астанада жылы аялдамалар талапқа сай емес

Астанада "ЭКОпром Павлодар" ЖШС 40 жылы аялдама орнатуға міндеттелген еді. Алайда оның 28-і ғана салынған. Салынған аялдамалардың бәрі бірдей талапқа сай келмейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, қордаланған мәселелерді сынға алған болатын. Әсіресе, елорданы жайлы, ыңғайлы қалаға айналдыруда демалыс орнының санын арттырып, көлік кептелісін реттеу және жылы аялдамаларды жайлы ету маңызды.

Қалалық әкімдік дерегінше, Астанада автобус күтетін 190 жылы павильон бар, оның 162-сі ашылған. Қалған 28-і стандартқа сай болмағаны үшін әлі пайдалануға берілмеген. Олар қайта жөндеуді керек етеді.

Жылы, алайда әлі жұмыс істемейтін павильондар мынадай:

- Конституция көшесіне қарай, Қарталы көшесі
- "Целинный" шағынауданы, Тәуелсіздік даңғылына қарай
- "Маркет Көк" қала бағытында
- №94 мектеп-гимназиясы көшесіне қарай, "Көктал"
- "Саранда" ТК, Мәңгілік ел даңғылына қарай
- Тәуелсіздік даңғылы бағытындағы №73 орта мектеп
- Тәуелсіздік даңғылына қарай, №72 мектеп
- №51 мектеп-гимназия, Тәуелсіздік даңғылына қарай
- "Шығыс" ТК аялдамасы
- "Ақниет дүкені", Тілендиев даңғылына қарай
- LCD Koktal 2
- BC The Square, Сығанақ көшесі
- Нұрлы жол вокзалы, қала бағытында
- №2 Ақмола облыстық ауруханасы, қала бағытында
- "Шұғыла" (Тілендиев даңғылы), қала бағытында

Сол жағалаудағы "Министрліктер үйі" және "Қорғаныс министрлігі" аялдамасы әлдеқайда жайлы. Бұл жабық павильондарда кофе ішіп, бой жылытып, қажет азық-түлікті сатып алуға болады. Қалған жерлерде мұндай жайлы жағдайды байқау қиын. Содан кейін үйсіз-күйсіз жүрген адамдар түнейтін орынға айналған.

"Жылы аялдамаларды кәсіпкерлерге беріп, олардың тазалығын, ыңғайлы болуын сақтауды міндеттеу керек. Бір жағы, кәсіпкер ісін дамытады, екінші жағы, жылы аялдамаларда қаңғыбастар паналамайды", - дейді тұрғындар.

Астанадағы жылы аялдамаларға бөлінген бюджет қаржысы аз емес. Мәселен, былтыр 40 жылы аялдама жобасы мемлекеттік сатып алу порталында жарияланды. Оның біреуінің құны - 15 миллион теңге. Мұны "ЭКОпром Павлодар" ЖШС 12 миллион теңгеге ұтып алған. Ал шамамен бұл қаржыға бір бөлмелі пәтер сатып алуға болады.

Байқоңыр ауданы инфра­құрылым бөлімінің басшысы Тоқтар Хасеновтің бұған қарсы өз пікірі бар.

"Тұрғындар жылы аялдамалардың бюджетін естіп, сынап жатады. Кәсіпкерлерді түсінуге болады. Аялдаманы салуға қажет материал бірнеше есеге қымбаттады. Жылы аялдаманың техникалық шарты - қыста жылы, жазда салқын болуға тиіс. Ол үшін аялдама электр жарығына қосылуы керек. Астана қаласының ережесіне сай кабель жер астымен жеткізіледі. Ең қиыны - осы. Сол аумақта кәсіпкерлер болса, онда меншік иесінен кабель өткізу үшін рұқсат алады. Кейде тасжолды, кейде жаяу жүргіншілер жолындағы төселген тасты кесіп, кабель жүргізіп, одан кейін қайта қалпына келтіруге міндеттеледі. Мұның бәрі жылы аялдаманы қымбаттатады", - дейді шенеунік.

Айта кетейік, Астанада 1091 аялдама бар. Ал 2015 жылдан бастап жылы аялдамалар пайда бола бастады. Бүгінде жайлы да жылы аялдаманың саны 162-ге жеткен.

                                                                                            Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!