Қарағанды облысында қоқысқа жайылған жылқылар қырылып қалды

Қарағанды облысында жылқылар өзен жағасында шашылып жатқан қоқысты, қапқа салынған көкөністерді жеп уланған. Оқиға Қарағанды ауылдық округінде болған. Мал иелері оқиғаның мән-жайын кімнен сұрарын білмей бас қатырып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Григорий Павловский 10 жылдан аса мал шаруашылығымен айналысып келеді. Алайда мұндай жағдайға алғаш рет тап болған. Ол өрістен жылқысын айдамақ болған уақытта өзен жағасынан 5 жануардың өлексесін тапқан. Белгісіз біреулер сол маңайға қапқа салынған қызылшаларды төккен. Жылқылар көкөністі қабымен қоса жеп қойған.

"Белгісіз адамдар мына жерге келіп, ірі көлемде қапқа салынған көкөністерді тастап кеткен. Жылқылар соны жейміз деп қырылып қалды. Менен бөлек ауылдастарымның да қаншама жылқысы қырылды. Жануарларымызды қырғаннан бөлек, табиғатты ластап отыр" - дейді Григорий Павловский.

Ауыл әкімдігі өкілдерінің айтуынша, қап шашылып жатқан жер - бұрыннан қоқыс алаңы. Барлық құжаты түгел. Бірақ қоқысқа арналған аумақ қоршалмаған. Әкімдік өкілдері бұл жағдайға қатысты шара қолданылатынын мәлімдеді. Алайда өлген жылқылардың өтемақысын ешкім төлемейді.

Жандос Бақытұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!