Алматыдағы базар сатушылары жалдау ақысы өскеніне наразы

Алматыдағы базар сатушылары жалдау ақысы өскеніне наразы
Фото: видео скрині

Бүгін Алматыдағы Барыс-4 базарының кәсіпкерлері наразылыққа шықты. Қазір олар ет сататын екі метрлік орынға 100 мыңдай төлейді. Сатушылар табысымыз бірден екі есе көтерілген жалдау ақысын жабуға кетеді деп шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Шу шыққан соң жүгіріп жеткен сауда орнының әкімшілігі мәселені бір айда шешуге уәде берді.

Қой, сиыр, жылқы етін сатумен айналысатын кәсіпкерлер кейінгі бір жылдан бері тыныш таппай тыпыршып жүр. Жалдау ақымыз бір сәтте екі есеге көтерілгеннен бері ет сату пайда әкелуден бұрын, шығынға ұшыратты дейді.

"Жалдау ақысы бірден қымбаттап кетті. Қазір сауда жоқ. Соның себебінен қымбаттап жатыр. Базар ашылғалы, 2012 жылдан бері осы жердемін", - дейді сатушы Ләйлім Тазабекова.

Базардағы 56 жеке кәсіпкер кезінде екі метр орынға 56 мың теңге, ал былтырдан бастап 100 мың теңгедей төлеп отыр. Олар "Кәсіпкерлер ескі бағаны қайта бекітсін" деп талап қойды. Өйткені қалада ет сататындар көбейіп, сатып алушылар азайған. "Айына 100 мың теңгенің өзін әрең шығарамыз" дейді.

"Еттің бағасын көтере алмайсың. Өйткені ет сататын адамдар көп, бірақ алатын адам өте аз. Бұл базардан басқа да ет сататын жер көбейіп кеткен. Бәсекелестер көп", - дейді сатушы Аяулы Жинақбай.

Базар басшысының айтуынша, жалға алу құнының ішіне коммуналдық қызмет ақысы да кіреді. 

"Бұл кісілердің бізбен келісімшарты бар, 97 мың 500 теңгеге. Сол 97 мың 500 теңгеге коммуналдық қызмет, суы, тоғы, дезинфекция, тоңазытқыш, таразы, кәріз суы кіреді. Коммуналдық қызметақы бұрын бөлек төленетін. Қазір соны қосып, бір соманың ішіне кіргіздік", - дейді Барыс-4 базарының директоры Жанат Темірғалиев.

Дегенмен базар басшысы жалдау ақысының құнын бір айдың ішінде реттейтінін айтқан, бірақ қаншалықты арзандайтынын ашып айтпады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан