6 көше, 48 аула. Түркістан облысын су басты

Түркістан облысындағы бірнеше көше мен ауланы су басты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Түркістан облысында 2 ақпанда сағат 08:00-ден бастап таулы аудандарда қардың еруі және жауынның көп жауғанына байланысты су деңгейі көтеріліп, нәтижесінде Кентау, Түркістан және Бәйдібек, Ордабасы және Сауран аудандарында аула аумақтары мен көшелер су астында қалды.

Үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 50-ден аса құтқарушы, 10 бірлік техника және 20 мотопомпалар жұмылдырылған.

Түркістан облысы аумағында Сырдария өзені бойында орналасқан Отырар, Сауран аудандары мен Арыс қаласының аумағына аэровизуал шолу жұмыстары жалғасып жатыр. Шолу барысында өзен бойына жақын орналасқан елді мекендер мен су нысандарының жай-күйіне бақылау жасалып жатыр.

Түркістандық полиция қызметкерлері су басып қалған аудандардың тұрғындарына көмек көрсетіп жатыр.

Кейінгі ақпараттар бойынша, Түркістан облысындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты Байдібек, Ордабасы және Сауран аудандарында 6 көше, 48 аула су астында қалған.

Полиция баспасөз өкілдерінің айтуынша, зардап шеккендер жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!