Абай облысында қазақ жылқысының жаңа түрі тіркелді

Абай облысында қазақ жылқысының жаңа түрі тіркелді
Фото: Видеодан алынған кадр

Ауыл шаруашылығы ғылымында тың жаңалық ашылды. Абай облысы Бесқарағай ауданында мамандар ұзақ жылғы селекция жұмыстары нәтижесінде жылқының жаңа түрін шығарды. Ол қазақ жылқысының "Бесқарағай зауыт типі" деп аталады. Бұл - тәуелсіздік жылдарындағы мал асылдандыру саласындағы ғалымдардың алғашқы жетістігі, - деп хабарлайды qazaqstan.tv.

"Тарихқа қарап отырсақ, жылқы қазақ жерінде үйретілген. Ботай қазбасы да оны дәлелдеді. Түрікмендерде ақалтеке бар, арабтардың таза қанды тұлпары бар, Ұлыбританияда таза қанды жылқы бар. Ойлана келе, қазақ жылқысының да сапасын сондай деңгейге неге көтермеске деген арман болды", - дейді шаруа қожалығының иесі Хабидолла Мұқинов.

Қазақы жылқыларды будандастыру арқылы жаңа тип шығару жұмыстары 1968 жылдан басталды. Содан бергі бірнеше буын ғалымдардың еңбегі жемісін беріп отыр.

"Егемендік алған кезден бірінші рет "Бесқарағай типі" жылқы шаруашылығында бекіп отыр. Қазақтың өзінің әр жерде шыққан типтерін қосу арқылы, жергілікті жылқыны ірілетіп, салмағын жоғарылатып, орманды жерге бейімдеген. Төлді жақсы береді", - дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қайрат Исхан.

Шойынқара мен Байторы жылқысының тірі салмағы 700 келіге дейін жетеді. Құйрық жалы төгілген құрыш тұяқтылар патенттелгенге дейін түрлі көрмелерде талайларды таңдай қақтырған. Қазір шаруашылықта жылқы саны 200-ден асады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова