"Жемқорлық ескерткіші". Ұзаққа созылған сақалды құрылыстар

31 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктермен кездесіп, Астананы дамыту мәселесін талқылады. Кездесу барысында Тоқаев елордада 10 жылдан бері ЖЭО-3 салынып бітпей жатқанын айтып, ескерту жасады. Қазақстанда құрылысы басталып, ұзаққа созылып кеткен нысандар да жоқ емес. Massaget.kz тілшісі шолу жасады.  

LRT

Астанадағы LRT немесе Астана жеңіл метрополитенінің тарихы сонау 2005 жылдан бастау алады. Осыдан 18 жыл бұрын қалалық әкімдік "Астана қаласының жаңа көлік жүйесі" атты бағдарламаны қабылдайды. Яғни шығындарды оңтайландыру үшін қаладағы көлікетер жер үсті және жер бетіме жүруі керек деген шешім шығарылған. Жылдам жүретін көлік жүйесіне LRT-ден бөлек, жалпы ұзындығы 10 шақырым болатын BRT (Bus rapid transit) яғни жылдам автобус көлігіне жол салынуы керек болған. Ол қаланың орталық және шығыс аудандарын байланыстырады деп жоспарланған.   

Бағдарлама бойынша құрылыс 2008 жылы басталуы керек еді. Бірақ кейінге қалдырылды. Құрылысты бастау үшін жоба 2009 жылдың төртінші тоқсанында мақұлданды. Сөйтіп құрылыс 2011 жылдың 4 шілдесінде құрылысты ресми түрде бастау рәсімі өтті. Бірінші кезек 2,5 жылдың ішінде салынып бітуі керек еді. Бірақ іс жүзінде жұмыс жүргізілмеді. 

Фото: Тұрар Қазанғапов

Араға екі жыл салып, 2013 жылы қарашаша экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ЛРТ қымбатқа шығатындықтан құрылыс тоқтатылатынын, оның орнына жылдам жүретін автобустар іске қосылатынын мәлімдеді.

Бірақ 2015 жылдан бастап LRT құрылысы бойынша келісімшарт жұмыстары қайта жандана бастады. Ресми түрде құрылыс 2017 жылы басталды. Сол жылы күзден бастап белсенді түрде салына бастаған. Бүгінде астанада LRT-ның қаңқасы ғана тұр. Жұрт оны "жемқорлық ескерткіші" деп те атап кеткен. Себебі астана прокуратурасының ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке, "Астана LRT" ЖШС басқарма төрағасы Талғат Арданға және "Астананың жаңа көлік жүйесі" LRT, BRT/ITS жобасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істергеіп жатыр. 

Биыл 31 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керегін айтты.

"Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал, балама жобалар жоқ. Жалпы, әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын", - деді Тоқаев кездесуде.

Алтын ордадағы көпір

Алматы маңындағы Алтын орда көпірінің құрылысы 2017 жылы басталған болатын. Артынша көпір 2019 жылы күзде жұмыстар аяқталып, көпір толығымен 2020 жылдың маусымында тапсырылатыны хабарланды.

Бірақ нысан ол уақытта да тапсырылмады. Себебі жолдың жан-жағындағы үш жанармай құю бекеті мен 11 жер учаскесін сатып алу бойынша келіссөздер ұзақ жүргізілген.   

Сондықтан автожол учаскесі 2021 жылдың соңында толық тапсырылады деген хабар тарады. Дегенмен көпір жұмысы бойынша жұмыстар жүргізіле бастады. Мысалы 2021 жылдың маусымында асфальт төселе бастады.  

Осылайша 4 жыл бойы күткен Алтын ордадан кейінгі көпір құрылысы 2021 жылдың 25 желтоқсанында тапсырылып, қолданысқа берілді. 

Астанадағы ЖЭО

Астана әкімдігі ЖЭО-3-ті он жыл бойы салып бітіре алмай жатыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 31 қаңтарда Астананы дамыту жөнінде өткен кездесу барысында айтқан болатын. 

Жобаны тапсыру мерзімі бірнеше рет ауысқан. Садарынан жоба 50 миллиард теңгеге қымбаттауына әкеп соқты. Бұл мәселе 2019 жылы көтерілген. Бірақ нысан сол күйі, яғни 83 пайызы ғана дайын тұр. 

Президент осының салдарынан Астана жылу энергиясы тапшылығынан зардап шегіп отырғанын айтты. Бүгінде тапшылық деңгейі 300 гигакалориядан асқан. Дегенмен Тоқаев Үкіметке әкімдікпен бірлесіп осы жылдың соңына дейін ЖЭО-3-тің бірінші кезегін іске қосып, екі газ қазандығының құрылысын аяқтауды тапсырды. 

Алматыдағы метро 

Алматыдағы метро құрылысы 1988 жылы басталған. Бірақ 1991 жылы  КСРО–ның ыдырауы және содан кейінгі шарушылық және экономикалық байланыстардың тоқтап қалуы Алматы қаласы метрополитені құрылысының толық жүзеге асуына мүмкіндік бермеді. Бірнеше министрлік пен ведомство тарап кетуіне байланысты көптеген сұрақ жауапсыз қалды. Салдарынан метроны салу мерзімі де кейінге шегеріле берді. 

"Алмалы" бекетіндегі құрылыс. Фото: metroalmaty.kz

Дегенмен артынша метро салу жұмыстары басталып, жыл сайын түрлі деңгейдегі құрылыс жұмыстары жүрді. 

Ал 2011 жылы 1 желтоқсанда жалпы ұзындығы 8,6 шақырым болатын метрополитеннің бірінші кезегі іске қосылды. Оның құрамына "Райымбек батыр", "Жібек жолы", "Алмалы", "Абай", "Байқоңыр", "Әуезов театры" және "Алатау" бекеттері кірді.


Фото: metroalmaty.kz

Артынша 2015 жылы 18 сәуірде метрополитеннің бірінші желісіндегі екінші кезектегі бірінші іске қосу кешенінің "Сайран" және "Мәскеу" бекеттері пайдалануға берілді. Метро тоннелінің ұзындығы 2,74 шақырымға дейін созылды. "Сайран" бекеті Абай даңғылының бойымен Брусиловский және Тілендиев көшелерінің арасында орналасқан. "Мәскеу" бекеті Абай даңғылының бойымен Өтеген батыр көшесі мен Алтынсарин даңғылының арасында орналасқан.

Сол жылы 22 шілдеде "Сары-Арқа" және Бауыржан Момышұлы атындағы бекеттердің құрылысы басталғаны хабарланды. Жаңа бекеттердің ашылуы бірнеше рет кейінге шегерілді. Осылайша 2021 жылы 30 желтоқсанда екі бекет техникалық режимде ашылды. Бүгінде бұған дейінгі бекеттердің бәрін қосқанда "Сары-Арқа" және Бауыржан Момышұлы атындағы бекет те жұмыс істеп тұр.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!