"Жарықты өшіріп, музыка қосты". Автобус жүргізушісінің тапқырлығы Қазнетті тәнті етті

Желіде автобустардың бірінде ұялы телефон ұрланған видео тарады. TikTok қолданушыларын осы оқиға кезіндегі жүргізушінің тапқырлығы тәнті еткен. Ол ұялы телефонын жоғалтқан адамға көмектескен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жүргізуші алғашында бейнебақылау камерасын қарапты.

"Айфон 13 жоғалтып, жылап тұр. Жүргізуші автобусты тоқтатып, есікті жауып, камераны қарауға кетті. Автобусқа кіре салып ұрлап үлгерген ғой", - делінген жазбада.

@aizhan.igilikova12 #хочуврек #айфонжоғалды ♬ оригинальный звук - Айжан Игиликова

Кейінірек жүргізуші жарықты өшіріп, музыка қосқан. Осылайша, ұры телефонды тастап жіберген.

"Жүргізуші есікті жауып, жарықты өшіріп, музыканы қосқанда, ұрлаған адам телефонды тастай салды. Сонымен телефон табылды. Ал ұрының кім екенін білмей қалдық", - делінген Желіде тараған видеода.

@aizhan.igilikova12 #хочуврек #айфонтабылды#ұрыұсталмады#өсектайм ♬ оригинальный звук - Айжан Игиликова

Осы автобуста болған жолаушылардың бірі Гүлнұр Адизова оқиға қалай болғанын айтып берді.

"Бұл жағдай шамамен 2 апта бұрын болды. Алматыда кешкі сағат 20:00 шамасында 54-автобусқа отырдым. Бір кезде "Телефоным жоқ, ұрлап кетті" деген қыздың жанайқайы шықты. Бір кезде автобус іші абыр-сабыр болып кетті. Барлық жолаушы қызды сабырға шақырып әлек болды. Ортадан бір кісі шығып, жүргізушіге "Жарықты өшіріңіз, сосын ұрлық жасаған адам телефонды лақтырсын" деді. Осылайша, жарықты сөндіріп, әуен дауысын шығарып, бәріміз тырп етпей күттік. Кейін қыздың "Телефон табылды" деген дауысын естідік. Бірақ ұрлық үстінде ешкім ұсталмады", - дейді ұрлық жасалған автобуста болған жолаушы.

Ал Желі қолданушылары жүргізуші мен автобустағы адамдардың төзімділігіне тәнті болып, алғыс білдірген.

"Бұл жүргізуші мен күткен адамдардың арқасы ғой, адамгершілігі бар", "Жүргізуші дұрыс жасады, жарайсың", "Оның қалай қуанғанын елестете алмаймын", "Жарайсың, ақылды жүргізуші", "Жүргізушіге рақмет. Сол кісінің еңбегі", "Жүргізуші мықты жігіт екен", - деп жазған пікір білдіргендер.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!