Мемлекет меншігіне Қытаймен шекарадағы 3,6 гектар жер телімі қайтарылды

Eurotransit Nur Zholy ЖШС-не қатысты соталды тергеп-тексеру аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚМА Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл заңды тұлға Қытай Халық Республикасының бейтарап аумағынан Қазақстан Республикасына жүк тасымалдаушы жалғыз оператор бола тұра, қызмет бағасын заңсыз өсірген.

Компанияға тиесілі бос жүк машиналары ҚХР-ның бейтарап жағынан тауар тиеп, ЖШС қоймасына қайта оралып отырған. Бұл қызметі үшін бағаны, яғни бір рейске (ұзындығы 3 шақырым) заңсыз жолмен қымбаттатқан.

Монополистік қызметтен түскен табыс - 4,2 миллиард теңге.

Тергеп-тексеру барысында өз кінәсін мойындаған ЖШС басшылығынан мемлекет кірісіне құны 5,3 миллиард теңгеден аса ЖШС активтерін (аумағында көлік-логистикалық ұйым орналасқан 3,6 гектар жер телімі) аудару туралы өтінішхат түсті.

ҚМА мәліметінше, адал бизнеске жасанды кедергілер мен монополияға қарсы күрес жұмыстары жалғасады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!