"Темекі шеккені үшін жазалаған". Шымкенттік студентті өлтіріп алған екі жасөспірім сотталды

Шымкентте колледж жатақханасында бірінші курс студентінің өліміне себепкер болғандар сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Шымкентте колледж жатақханасында қайтыс болған студент соққыдан көз жұмған. Бүгін, 1 ақпанда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жатақханадағы өлімге қатысты сот үкімі шықты. Қылмыстық істі қараған сот төрағасы екі жасөспірімге 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Судья Дәурен Сайхановтың дерегінше, олардың бірі марқұмды темекі шеккені үшін тәртіпке шақырмақ болған. Содан екі жігіт бірінен соң бірі кеуде тұсынан екі рет соққы берген, содан кейін марқұм студент өзін жайсыз сезініпті. Жедел жәрдем келгенше өліп кеткен. "Бұл абайсызда өлімге алып келген жағдай екені ескерілді" деді судья.

"Біріншіден, сот кәмелетке толмағанын ескерді. Екіншіден, жәбірленуші тараптан кешірім алып, татуласты, марқұм баланың анасымен. Сол Қылмыстық кодекстің 55-баптың 2-бөлігін қолдана отырып, негізгі жазадан төмен жаза, бірақ 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Негізі Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігінде жазаны өтеу 8 жылдан басталады", - деді Шымкенттің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Сайханов.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, оқиға 2022 жылғы 22 қыркүйекте болды. Колледж жатақханасында бірінші курс студенті қайтыс болған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!