Елімізде алғаш рет жемқорлардан тәркіленген қаражатқа мектеп салынды

Қазақстанда алғаш рет Ақтөбе облысында сыбайлас жемқорлықтан тәркіленген қаражатқа салынған мектеп пайдалануға берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақтөбе облысы әкімдігінің хабарлауынша, Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылындағы 60 орындық мектептің ашылуына Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Есқали Саламатов және ауыл тұрғындары қатысты.

Мектеп құрылысына сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істерді тергеу кезінде өтелген қаражат пайдаланылды. Құрылысы ұзаққа созылған жобаны аяқтауға 150 млн теңге жұмсалды.

Әлеуметтік нысанның құрылысы 2018 жылы басталған, бірақ түрлі себепке байланысты құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтап қалған.

Мектеп құрылысы 2022 жылы қайта қолға алынып, 2023 жылдың басында аяқталды.

1979 жылы салынған мектепте білім алған оқушылар енді ең заманауи жағдай жасалған, материалдық-техникалық базасы күшейтілген жаңа ғимаратта білім алады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!