25 жыл бұрын із-түзсіз кеткен өзбекстандық әйел туыстарымен қауышты

25 жыл бұрын із-түзсіз кеткен өзбекстандық әйел туыстарымен қауышты
Фото: polisia.kz

25 жыл бұрын із-түзсіз кеткен өзбекстандық әйел туыстарымен қауышты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2022 жылғы наурызда Түркістан облысы Сарыағаш аудандық полиция бөліміне көршілес қаладағы полиция бөлімінен Өзбекстан Республикасының азаматы, үй-күйсіз (аты-жөні белгісіз, құжатсыз) жүрген 40-тан асқан әйелдің ісі келіп түскен. Онда Шымкенттегі дағдарыс орталығына түскен өзбекстандық әйел, Сарыағаш ауданында притонда сексуалдық құлдықта болғанын, 10 жасында әке-шешесі Өзбекстан Республикасына бейтаныс біреулерге сатып жібергенін айтқан.

Осы іс бойынша сарыағаштық полицейлер жан-жақты тергеу әрекеттерін жүргізді. Сол жылдың қарашасында іс Түркістан облысы полиция департаментінің өндірісіне қабылданды. Тергеу барысында сот-медициналық, сот-психиатриялық сараптамалары тағайындалды. Оның жақын таныстарынан жауап алынды.

Осыдан соң желтоқсан айында ҚР ІІМ арқылы Өзбекстан Республикасына жәбірленушінің жеке басын анықтау мен оған қатысты шынында адам саудасы қылмысы болғанын немесе болмағанын анықтау үшін халықаралық тапсырма жолданды. Полиция департаментінің қызметкерлері Өзбекстан Республикасы Қашқадария облысы ШаҺрисабз ауданы Сарчашма ауылынан жәбірленушінің әке-шешесі, туған-туыстарын анықтап, олармен кездескен.

Түркістан облысы полиция департаментінің полицейлері әйелдің заңды түрде құжаттануы үшін қажетті шаралардың барлығын атқарып, жеке куәлігі мен төлқұжатын алуға ықпал етті. Қазіргі таңда жәбірленушінің өз еліне оралуына жағдай жасалынып жатыр. Жәбірленуші 17 жасында үйінен кетіп қалған. Ал жәбірленушінің "құлдықта болдым", "әке-шешем сатып жіберген" деген уәжі дәлелденбей, ҚР ҚПК-нің 35-бабының 1-бөлігінің 2-тармағымен тоқтатылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан