"Отаныма аз да болса өз үлесімді қосамын дедім". Кореяда оқыған қазақстандық неге елге оралғаны туралы айтты

Айжан Еркімбаева 1991 жылы Ақтөбе қаласында туған. Ол 10 жылдан аса уақыт бұрын корей тілін үйреніп, қызыға бастаған. Артынша Кореядағы жоғары оқу орнына грант ұтып, оқуға түскен. Бірақ оқуын бітіргеннен кейін ол шет елде қалмай, Қазақстанға оралуды шешкен. Massaget.kz тілшісі елге оралған отандасымызбен сөйлесті. 

Айжан корей тілін колледжде білім алып жүргенде, шамамен 2010 жылдары үйрене бастаған. Бастапқыда ол шет тілін жай ғана, оқудан тыс қызық үшін үйреніп жүрген.  

"Сол жылдары корей тілі мұғалімі Шимон ағай Қырғызстанға виза алу үшін кетіп қалды. Сондықтан корей тілін бастай алмай жүрдім де құрбымнан әріптерді үйретіп беруді сұрадым. Әріптерді үйреніп жүрген сәтте Шимон ағай да виза алып келіп, корей тілін ресми оқуды бастадым десек те болады. Оқи келе, корей тілін, мәдениетін ұната бастап қана қоймай, корей тілі деңгейімді білу үшін TOPIK арнайы халықаралық тестін тапсырып көруді жөн санадым. Бірінші деңгейді алған соң, одан әрі жоғары деңгейді алғым келді. Сонда ұстазымыз TOPIK-тің үшінші деңгейінен өтсең Кореяға грантқа оқуға түсетін мүмкіндік барын айтты", - дейді Айжан.

Осылайша Айжан алдына мақсат қойып, корей тілін тереңдетіп үйрене бастауды шешкен. Қажет деңгейден өткеннен кейін Кореяның мемлекеттік грантына құжаттар тапсырған. Бірақ іс мұнымен біткен жоқ. 

"Алматыға сұхбат беру кезеңінен өтуге бардым. Бірақ сұхбат кезеңінен өтпей қалғанымды Ақтөбеге қайтар кезде пойызда отырып білдім. Көңілім түсіп қалды. Екі рет тапсырып, енді өтемін деген сенім де болды. Содан мұғалімім мемлекеттік емес, жеке университетке құжатты жіберіп көруді ұсынды, солай жасадық. Ол 2015 жылдың соңы болатын. Осылайша 2016 жылдың басында мен грант ұтып, Гачон университетіне оқуға түскенімді естідім. Оған дейін үшінші рет тапсырғанда өтпесем енді тапсырмаймын деп өзіме сөз берген болатынмын. Бірақ осындай қуанышты хабарды естігенде көзіме жас алып қуанған сәтім әлі де есімде", - дейді Айжан. 

Осылайша ол Кореяда 4 жыл бакалавр деңгейі бойынша білім алып, 2020 жылы Қазақстанға оралған. 

"Негізі оған дейін Кореяда екі рет болғанмын. 2014 жылдың қаңтар-ақпан айларында Пусан қаласына корей тілі курсын өтуге бардым. Содан соң Ақтөбедегі ол кездегі Седжон хан атындағы корей тілі мектебінде оқып, ең үздік оқушы атанып 2 аптаға жолдама алып, Сеул қаласына барып келгенім бар. Онда корей тілінен сөйлеу конкурсына қатысып екінші орын алдым. Негізі корей тіліне байланысты конкурстарға қатысқанды ұнатып, солай орындарға немесе номинацияға ие болып жүрдім", - дейді ол.

Айжан Кореядағы оқу процесі туралы әңгімелеп берді. Оның сөзінше, оқуға түскен алғашқы жылы Гачон университетінде мамандық таңдалмайды. Яғни студенттерге 1 жыл бойы әртүрлі пәндерді таңдап, оларды оқып көруге мүмкіндік беріледі. Бұл алдағы таңда мамандық таңдауға мүмкіндік береді.

"Сол үшін профессорлардан кеңес алып, белгілі бір мамандық бойынша сұрақтарды қойып, жауабын алуға болатын. Мен 1 жыл бойы ойлана келе, ең бастысы өзіме не ұнайтынын сараладым. Қай мамандық маған қызық екенін ұғынуға тырыстым. Сөйтіп корей тілі және әдебиеті мамандығын таңдап, екінші курстан бастап корей студенттерімен бірге оқи бастадым. Себебі мен тіл үйренуді, үйренген тілімді тереңінен білуді, бір сөздің мағынасы қалай және неге алынды, ол не білдіретіні маған қызықты болды. Сонымен қатар, мен жазуды өте ұнатамын. Таңдаған мамандығымды күні бүгінге дейін жақсы көремін, таңдауыма еш өкінген емеспін", - дейді қазақстандық.  

Айжан оқуын аяқтап, елге оралуды шешкен. 

"Шет елде қалмай, елге оралу туралы шешім қабылдадым. Кореяда қаламын деген оймен кеткен жоқпын. 2016 жылы әлеуметтік желідегі парақшаларымда да "өз Отаныма оралып, аз да болса өз үлесімді қосамын" деп жазба қалдырған болатынмын. Кореяда бәрі ыңғайлы, керемет, жоқтың бәрі бар. Бірақ қандай болса да елімізге еш нәрсе жетпейді".  

Айжан оқуын бітірген жыл Қытай, Корея және Жапония елдерінде коронавирус асқынып басталып жатқан кез еді.

"Үйге келген соң 14 күн дәрігердің қадағалауында болдым. Содан біздің елде де ол вирус шыға бастады. Әбден далаға шықпайтын кезеңдер басталды. Сөйтіп, келгелі жұмыссыз отырып қалдым. Вирус мәселесі саябырсыған сәтте мен интернет арқылы Қарағанды қаласында корей тілі аудармашысын іздеп жатқанды көріп, сонда жұмысқа орналастым. Біраз тәжірибе алып, Ақтөбеге оралуды жөн көрдім. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында Корей мемлекеттік мұнай компаниясында қызмет атқарамын. Жұмысым өзіме ұнайды, әлі күнге дейін білім алудан шаршамаймын, көп нәрсені үйреніп жүрмін", - дейді Айжан. 

Отандасымыз Кореядағы жоғары оқу орындарындағы білім жүйесі туралы айтып берді. Оның сөзінше, екі елдегі білім жүйесі жер мен көктей. 

"Қазіргі біздің оқу жүйесін қаншалық өзгергенін білмеймін, бірақ сол баяғы кездегі оқудан көп ұзамаған сияқтымыз деп ойлаймын. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Кореядағы жоғары оқу орындарында басында қиындық көресін. Ол табиғи дүние. Ең бірінші ерекшелік - пәндерді өзің таңдай алуың. Өзің таңдаған пәнді оқу әрине бақыт, бірақ ол пәндерді семестр басталмас бұрын таңдау кезеңі бөлек өтеді. Пәндерді кейбіреулері профессорға қарап та таңдайтындары болды. Ол профессордың біліктілігін көрсетіп тұр. 4 жылға мамандық бойынша белгілі кредиттерді оқып шығу керек, 4 жылда ол кредиттердіоқып бітірмесең келесі семестрді өзің төйлеп оқитын боласың", - дейді Айжан. 

Ол бәріне қойылатын талап. Сондықтан пән таңдау кезеңі қиынға соғып та жатады екен.

"Екінші ерекшелік - біздегідей куратор болмайды. Себебі студенттер өздері ізденіп өздері үшін ғана оқиды. Сол үшін біреудің қадағалап тұруы қажет емес. Сабақта тек профессор сөйлейді, түсінбеген жерінде әрине сұрақ жауап уақыты болады. Яғни, біздегідей тақтаға шығып түсінік айту деген жоқ. Сабақ соңында үйге сабақ беріп айғайлап жатпайды, себебі үй жұмысын ертерек сайтқа салып қояды".

Айжанның сөзінше, Кореяда жұмысқа орналасу өте қиын. Себебі бәсекелестік жоғары. лауазымды компанияларға жұмысқа орналасу үшін бірнеше кезеңнен өту керек. Тек түйіндеме емес, түрлі тесттен өту қажет болады екен. Бастапқыда қарапайым қызметкер болып кірсеңіз, белгілі бір уақыттан кейін қызметіңіз көтеріледі. 

"Кемшілігі - менің ойымша, ол рангтердің болуы. Ол жақсы да, жаман да емес, солай қалыптасқан. Кәрістер қызметте қатты дос бола бермейді. Себебі әркім өз ісімен жүреді. Кореялықтарда жұмыстан кейін шығып бірге шарап ішу дәстүрі бар. Жалпы Кореяда тамақтанудың бәрі сырттан. Сондықтан кафелерде қай уақытта болмасын адам көп", - дейді Айжан. 

Айжан әуел баста Кореяда қалу ойында болмағанын атап өтті. 

"Қазір де сол ойымда қаламын. Кореяға сағынып, барғың келетін кездерде барып тұруға болады. Ол қазіргі таңда мәселе емес. Әр сәттің өз қыр-сыры бар, ол әрдайым оңай беріле бермейді. Қазір мен өз өміріме ризамын, басымда білімім бар. Кореяда оқып-түйгенім бар, бүгінгі таңда жұмысым бар, басқа елдерде саяхаттай аламын. Мүмкін адамдар Кореядағы өмір сапасы жақсы болғандықтан ақша жинау мақсатымен қалатын шығар. Бірақ ақшаның түбіне жетпейсің. Әрі ақшаны міндетті түрде Кореяда ғана отырып табудың қажеті жоқ, осында да таба аласың, бәрі өз қолыңда", - дейді Айжан. 

Суреттер: Айжанның жеке архивінен 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!