Қарағанды әуежайына 81 миллион теңге айыппұл салынды

Қарағанды әуежайына 81 миллион теңге айыппұл салынды
Фото: aeroport.kz

Қарағандыдағы "Сары-Арқа" әуежайына" қымбат авиаотын сатқаны үшін 81 миллион теңге айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жүргізген тергеп-тексеру нәтижелері бойынша іс қозғаған. 

Қарағанды Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен "Сары-Арқа" әуежайы" АҚ әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 50 миллион теңге мөлшерінде монополиялық табысы тәркіленіп, 31 миллион теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген соң, әуежай мемлекетке 50 миллион теңге мөлшерінде монополиялық табыс төледі.

Соттың ұйғарымы бойынша, әкімшілік айыппұл бөліп төленді. Бұл туралы, 30 қаңтарда әуежай Департаментке растайтын құжаттары бар хат ұсынды. Осылайша, мемлекет кірісіне жалпы сомасы 81 миллион теңге айыппұл өндірілді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек