Жабылатын банктерден депозит бойынша өтемді қалай алуға болады?

Жабылатын банктерден депозит бойынша өтемді қалай алуға болады?
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қазақстандағы жабылатын банктердің салымшылары қандай да бір себептермен кепілге берілген соманы төлеу мерзімін өткізіп алғаны жайында мысалдар жетіп артылады. Мұндай жағдайда заңнамалық мерзім аяқталған соң, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының салымшылар алдындағы міндеттемесі де тоқтатылады. Алайда дәлелді себептерге негізделген ерекше жайт бар. Қандай дәлелді себептер бар? Төлем алуға өтініш берген кезде не нәрсеге назар аударған жөн? Бұл туралы Қазақстан депозиттерге кепілдік беру қорында айтылған.  

Дәлелді себептер - бұл салымшыға кепілге берілген өтемді алуға төлем мерзімі - төлем басталған күннен бастап 1 жыл ішінде жүгінуге кедергі келтірген мән-жайлар. Депозиттерге кепілдік беру туралы Заңда дәлелді себептердің толық тізбесі келтірілген:

  • әскери қызметке кіру;
  • Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде болу;
  • депозитордың мұрасын қабылдау және мұраны иемденуге немесе ашуға байланысты өзге де себептер;
  • бас бостандығынан айыру мекемелерінде болу;
  • сот анықтаған өзге де мән-жайлар.

Бұл кез келген дәлелді себептердің болуы және олардың тиіс құжаттармен расталуы салымшыға төлем мерзімі аяқталған соң (төлем басталған күннен бастап 1 жыл), ҚДКБҚ-ға кепілдік берілген өтемді төлеу туралы өтінішпен жүгінуіне мүмкіндік береді. 

Әскери қызмет

Мысалы, кепілді өтемді төлеу шарасы 2021 жылғы 1 тамыздан 2022 жылғы 1 тамызға дейінгі аралықта жүргізілді. Бұл уақытта салымшы 2021 жылғы 1 қазаннан бастап, бір жыл мерзімге әскери қызметке шақырылды. Әскери борышын өтеген соң, ол 2022 жылғы қарашада, төлем мерзімі өткен соң, өтем алу үшін ҚДКБҚ-ға жүгінеді. Құжат ретінде әскери билетін ұсынады. Онда әскери қызмет мерзімі 2021 жылғы 1 қазаннан бастап, 2022 жылғы 1 қазанға дейін жалғасқаны көрсетілген.

Тұжырым: бұл жағдайда ҚДКБҚ салымшыға өтем төлеуден бас тартуға мәжбүр болады. Неге десеңіз, салымшының әскери қызметке шақырылмай тұрып, өтем ақшасын алуға, дәлірек 1 тамыздан (төлем басталған күннен) 2021 жылдың 1 қазанына дейін (әскери қызметке шақырылған күнге дейін) өтініш беруге мүмкіндігі болған.    

Шетелге кету

Басқа мысал: салымшы Қазақстаннан тыс жерде болғандықтан, кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімін (2021 жылғы 1 маусымнан 2022 жылғы 1 маусымға дейін) өткізіп алды. Елден 2021 жылғы 15 сәуірде кеткен ол (яғни төлем басталғанға дейін), Қазақстанға 2022 жылғы 15 тамызда келді (яғни төлем мерзімі аяқталған соң). Елге оралғаннан кейін, көрсетілген мерзімде Қазақстан шекарасынан өткені туралы белгі басылған төлқұжатымен тез арада ҚДКБҚ-ға жүгінеді. Бұл қарастырылып жатқан жағдайда ҚДКБҚ шешімі салымшының пайдасына шешіледі. Өйткені төлем мерзімі барысында оның шетелде болғаны ұсынған төлқұжатымен расталып отыр.

Енді осы мысалды аздап күрделендіріп көрейік. Әлгі салымшы кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімі барысында Қазақстанға шамамен үш күнге келіп, артынша қайтадан шетелге кетті делік.  

Бұл жағдайда салымшы кепілдік берілген өтемді алу құқығынан айырылады. Неге? Өйткені ел аумағында болған кезінде оның төлем алу үшін өтініш беруіне толық мүмкіндігі болды. Бірақ салымшы елде жүрген кезінде оған өтініш беруге кедергі келтірген мән-жайлар нақты көрсетілген сот шешімін дәлел ретінде ұсынуға құқылы. Мұндай жағдай сот тәртібімен расталған болса, ҚДКБҚ төлемді заңда бекітілген тәртіпте жүзеге асырады.

Мұраға байланысты себептер

Салымшы кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімін мұраны қабылдау немесе соған байланысты басқа да себептермен өткізіп алуы да мүмкін. Мұндай жағдайда әрине, төлемді салымшының мұрагерлері алады. Төлем алушылар ретінде өтінішті солар береді. Олар мұрагерлікті төлем мерзімі барысында рәсімдеген немесе мұраны ашу және қабылдауға байланысты қандай да бір өзге себептері бар делік. Міне, осы себептер оларға төлем мерзімі барысында кепілдік берілген өтемді алу үшін өтініш беруге кедергі келтірген.

Айта кетейік, ҚДКБҚ әрбір жағдайды жеке-жеке қарастырады, өйткені мұраны рәсімдеу күрделі және ұзаққа созылатын рәсім. Ол тіпті сот үдерістеріне ұласуы мүмкін. Мұрагер кепілдік берілген өтемді алуға мүмкіндігі болмағанын растайтын құжаттардың бірі ретінде нотариус (заң бойынша немесе өсиетнама негізінде) берген Мұраға құқық туралы куәлікті ұсынуы қажет. Егер мұрагердің мұраланатын мүлікке құқығы айқын болса, ҚДКБҚ мұраланатын мүліктің түріне (банкте орналастырылған ақшалар), мұраланатын мүліктегі үлестердің мөлшеріне, сондай-ақ, мұраны ашу күні мен нотариустың куәлікті берген күніне жіті назар аударады. Мұның барлығы ҚДКБҚ-ға (ұсынылған құжаттарға қатысты ескертпелер жоқ болса) өтем төлеу туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Осы ретте алғашында өтем төлеуден бас тартылғанымен, мұрагердің ҚДКБҚ-ға қосымша растаушы құжаттар ұсыну құқығы сақталады, яғни өтініш беру саны шектелмеген.

Мұраға байланысты екі мысалды қарастырайық:   

1.    Кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімі мысалы, 2021 жылғы 10 қазаннан 2022 жылғы 10 қазанға дейін. Салымшы 2021 жылы 9 қазанда көз жұмды (яғни, төлем басталғанға дейін). Мұрагердің салымшымен туысқандық байланысы сот тәртібімен бекітілуіне байланысты, мұраны қабылдау (куәлікті беру) 2022 жылы 5 желтоқсанда (яғни төлем мерзімі аяқталған соң) жүзеге асырылды. Осылайша, төлем мерзімі барысында мұраны ашу және қабылдауға байланысты уақиғалардың үзіліссіздігі айқын көрініп тұр. Бұл дәлелді себептер болып танылады және мұндай жағдайда ҚДКБҚ мұрагерлерге кепілді өтемді төлейді.

2.    Кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімі: 2021 жылғы 1 қыркүйектен 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін. Салымшы 2021 жылы 10 қазанда дүние салды (яғни төлем басталғаннан кейін). Бұл ретте салымшы психикалық ауруға шалдығуына байланысты сот шешімімен әрекет етуге қабілетсіз деп танылған және 2018 жылғы 10 ақпаннан бастап, қайтыс болғанға дейін мамандандырылған медициналық мекемеде болған. Мұндай жағдайда салымшы қайтыс болғанға дейін төлем алу құқығына оның қамқоршысы - заңнамада бекітілген жеке тұлға ие. Алайда төлем мерзімі басталған күннен бастап, салымшы қайтыс болғанға дейінгі мерзімде (2021 жылғы 1 қыркүйектен 2021 жылғы 9 қазанға дейін) ол белгісіз себептермен ҚДКБҚ-ға жүгінбеген.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған салымшы қайтыс болған жағдайда кепілдік берілген өтемді алу құқығы оның мұрагерлеріне (бар болса) өтеді. Жоғарыда келтірілген жағдайға байланысты мұндай мұрагердің қолында Мұраға құқық куәлігі болса да (яғни мұраны қабылдағанын растайтын құжаттар) ҚДКБҚ оған өтем төлеуден бас тартады. Өйткені қамқоршы Заңда бекітілген мерзімде төлем алуға неге өтініш бере алмағанын растайтын құжаттар ұсынуы тиіс. Бұл ретте мұндай құжаттарды салымшының мұрагерлері ұсынады.     

Бас бостандығынан айыру мекемелерінде болу

Төлем мерзімі аяқталған соң да өтем алуға негіз болатын дәлелді себептердің бірі - салымшының бас бостандығынан айыру орындарында болуы. Бұл жағдайда салымшы расында да, қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде болуына байланысты өтем алуға өтініш бере алмас еді. Жазасын өтеп, толығымен босап шыққан соң немесе жазалау түрі өзгертілуіне байланысты салымшы тиісті құжаттар ұсына отырып, кепілдік берілген өтемді алу үшін ҚДКБҚ-ға жүгіне алады. Осылайша, дәлелді себептер ретінде танылатын мән-жайға салымшының төлем мерзімі барысында бас бостандығынан айыру орындарында үздіксіз болғаны жатады. Басқа жағдайда салымшы ҚДКБҚ-ға осы мақалада сипатталған өзге де дәлелді себептер бойынша жүгіне алады.

Сот анықтаған өзге де мән-жайлар

Төлем мерзімі аяқталған соң жүгінуге негіз болатын өзгеше жағдай - сот анықтаған өзге де мән-жайлар. Бұл дәлелді себептің бірегейлігі сол, ол салымшыға төлем мерзімі барысында кепілдік берілген өтемді төлеуге өтініш беруге кедергі келтірген кез келген мән-жайды айқындап, анықтауға мүмкіндік береді. Бұл үшін салымшы ең алдымен, төлем мерзімі басталған күннен бастап, 1 жыл ішінде оған кепілдік берілген өтемді алу үшін жүгінуге кедергі келтірген қандай да бір деректі айқындауды талап етіп, сотқа жүгінуі тиіс.

Егер осындай талап бойынша соттың шешімінде төлем мерзімі барысында салымшыда дәлелді себептердің болғаны туралы тұжырым болса, ҚДКБҚ төлем жасайды.   

Осылайша, дәлелді себептердің барлығына тән ортақ бір талаптың бар екені айқындалды. Бұл - салымшыға төлем мерзімі барысында кепілдік берілген өтемді алу үшін өтініш беруге кедергі келтірген мән-жайдың үздіксіз болуы. Яғни дәлелді себептер төлем мерзімі басталған күнге дейін туындауы керек, ал сол дәлелді себептердің аяқталу күні төлем мерзімі аяқталған күннен ерте болмауы тиіс.      

Қандай құжаттар ұсыну қажет?

Дәлелді себептердің тізбесін қорытындылай келе, әрбір нақты жағдай бойынша мынадай растаушы құжаттарды ұсыну керек:

 

Өтінішті қалай беруге болады? Мекенжайлар

Дәлелді себептер бойынша кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтініш ҚДКБҚ-ға беріледі. Өтініш осы Қор сайтында көрсетілген нысанда толтырылады. Өтініш нысанымен мына жерде танысып шығуға және оны көшіруге болады.    

Салымшының немесе оның ресми өкілінің қалауы бойынша өтінішті тиіс құжаттармен бірге мына мекенжайларға әкеліп тапсыруға болады:

  • Алматы: Сәтбаев көшесі, 30/8, 4 қабат;
  • Астана: Ғабдуллин көшесі, 18, №5 кеңсе,
  • сондай-ақ, дәстүрлі пошта арқылы да жолдауға мүмкіндік бар: Алматы қ., 050057, Сәтбаев көшесі, 30/8, 4 қабат. Бұл жағдайда өтініштегі қол нотариалды жолмен куәландырылуы тиіс.

Сонымен қатар, салымшылардың назарын мына жайтқа аударғымыз келеді, дәлелді себептер бойынша кепілдік берілген өтемді төлеуге өтініш банк толығымен таратылғанға дейін немесе ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындағанға дейін берілуі мүмкін және Қор оны өтініш және барлық растаушы құжат берілген күннен бастап, бес жұмыс күні ішінде қарайды.     

Еске саламыз, қазір Қазақстанда 9 банк жабылып жатыр ("Қазинвестбанк" АҚ, "Валют-Транзит Банк" АҚ, "Delta Bank" АҚ, "Qazaq Banki" АҚ, "Қазақстан Эксимбанкі" АҚ, "Астана Банкі" АҚ, "Tengri Bank" АҚ, АО "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ, "Capital Bank Kazakhstan" АҚ). Олардың салымшылары қаражаттары зейнетақы шоттарына аударылса да, төлем мерзімі барысында өтініш беруге кедергі келтірген, жоғарыда аталған дәлелді себептердің бірі бар болса, кепілдік берілген өтемді алу үшін ҚДКБҚ-ға жүгінуге құқылы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек