Депозит бойынша базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалады. Бұл нені білдіреді?

Қазақстанда депозит бойынша ең жоғары мөлшерлеме бекітілді. Депозитке кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) депозит бойынша сыйақының шекті мөлшерлемесін наурызға да сақтап қалды. Massaget.kz тілшісі экономист Мақсат Серәлімен сұхбаттасып, базалық мөлшерлеме нені білдіретінін, бұл өзгеріс қалай әсер ететінін сұрады.

"2023 жылғы наурыздағы депозит бойынша шекті мөлшерлеме өзгеріссіз қалды және ақпандағы мөлшерлеме деңгейінде сақталды", - делінген хабарламада.

Қор өкілдері екінші деңгейдегі банктер депозит өнімдері бойынша сыйақы мөлшері жайында өз бетінше шешім қабылдайтынын мәлімдеді.  

Депозиттің түрі мен мерзімділігіне сәйкес ҚДКБҚ шекті мөлшерлемесі мына кестеде көрсетілген:

Экономист базалық мөлшерлеме ішкі нарықтағы өзгеріске тікелей байланысты екенін түсіндірді.

"Қазақстан экономикасы нарықтық экономикаға жатады. Нарықтың өзіндік заңдылықтары бар. Ең негізгі нарықты қадағалаушы және нарықты бақылаушы орган - Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі. Ұлттық банктің негізгі құралдарының бірі - базалық мөлшерлемені бекіту. 2022 жыл оңай жыл болған жоқ. Бірнеше дағдарыс болды, соның ішінде экономикалық дағдарыс, ақшаның құнсыздануы, теңгенің құнсыздануы. Осының алдын алу және тұрақтандыру мақсатында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірнеше рет көтерді. Қазір базалық мөлшерлеме - 16,75. Базалық мөлшерлемеге бірнеше фактор тікелей байланысты. Екінші деңгейлі банктердің халыққа беретін несие мөлшері және халықтан алатын депозит мөлшері. Екінші деңгейлі банктер депозит мөлшерлемесін әртүрлі, мәселен, 17 пайыздан-20 пайызға дейін көрсетіп жатыр", - дейді сарапшы. 

Бұл жағдай екінші деңгейлі банктерге де әсер етеді.

"Базалық мөлшерлеме өзгерген кезде нарықтағы екінші деңгейлі банктер өздерінің мөлшерлемесін өзгертеді. Базалық мөлшерлеме көтерілген жағдайда өздері шығынға кетпеуі керек. Өйткені оларда да сырттан келетін қаражат сол пайызбен, 16.75-пен алынады. Сондықтан олар табыс табу, әрі қарай ол ақшаны көбейту үшін үстіне тағы пайыз қосады. Сөйтіп, халықтан ақшаны тарту, ынталандыру барысында 16, 17, 18 пайыз деген мөлшерлемесін қояды. Бұл жерде, депозитке келгенде халық табыс табуы керек. Несиеге қатысты айтар болсақ, ол өзгере бастайды. Екінші деңгейлі банктер ең төменгі несиенің мөлшерлемесін көбейтеді", - дейді маман.

Базалық мөлшерлеме үнемі өзгеріп отырмайды. Алайда бұл фактор тікелей нарық жағдайына байланысты кейде көтеріліп, кейде төмендейді.

"2023 жылы өзгермейді деп жатқанымыз, өйткені базалық мөлшерлеме бекітілді. Ол ай сайын өзгеріп тұратын дүние емес. Ол тек Қазақстандағы ішкі нарықтағы экономикалық жағдайға байланысты өзгеріп тұрады. Егер теңге қатты құлдыраса, инфляция, девальвацияның алдын алу мақсатында базалық мөлшерлеме көтеріледі немесе төмендейді. Ал оңтайлы экономикалық жағдай қалыптасса, бизнесті несиелендіру қарқынды жүргізілсе, экономиканың ішкі нарықты қамтамасыз ету процесі жоғарыласа, базалық мөлшерлеме төмендеуі де мүмкін. 16.75-тен 16.5-ке түсуі мүмкін. Сондықтан бұл нарықтық экономикаға және Ұлттық банкке байланысты", - дейді экономист.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!