Қандай жағдайда банкрот деп таныласыз?

Қандай жағдайда банкрот деп таныласыз?
Фото: elements.envato.com

Жеке тұлғалардың банкроттыққа өтініштері наурыздан бастап қабылданады. Бір айдан кейін елде тиіс заң күшіне енеді. Бұл бағдарлама миллионнан аса қазақстандықты қамтиды деп жоспарланған, - деп хабарлайды 24.kz. 

Банкроттықтың үш түрі бар. Бірінші, соттан тыс банкроттық. Қаржы министрлігінің мәліметінше, ең көп шағым осы бағыт бойынша. Соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржылық ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Бұл үшін борышкер кредиторлармен реттеу рәсімін өткізуі қажет және борышкердің меншікті мүлкі болмауы тиіс. Соттан тыс банкроттыққа жүгіну үшін борышкердің қарызы кейінгі 12 айда төленбеген болуы шарт. Банкроттыққа берешегі 5 миллион теңгеден аспайтын тұлғалар жүгіне алады. 

"12 ай бойы төлем уақытылы түспесе, онда тек қана осы бірінші процедураға жатады. Егер жеке тұлға 2-3 ай төлемей, осы банкроттық рәсімге жүгіне алмайды. Не себепті біз шектеу қойып отырмыз, себебі банкроттықты кей азаматтар кредитті кешіру деп ойлап жатыр. 1-2 ай төлемесе мен банкрот болайын деген жеңіл шешім қабылдамауы үшін 12 ай төленбесе, қиын жағдай ғана болса, банкпен реттеу жұмыстары жүргізілсе ғана содан кейін банкроттыққа келсін деген салмақты шешім үшін қабылданған", - деді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қатысты 12 ай бойы төлем болмауы тиіс деген талап қолданылмайды. Олар онлайн түрде соттан өтініш бере алады. Екінші түрі - сот банкроттығы. Ол борышы 5 миллион теңгеден асатындарға қатысты қолданылады. Бұл рәсіммен мемлекеттік кірістер органдары және аудандық басқармалар айналысады. Бірақ сот процедурасы ақылы және қаржы менеджерінің қызметтері үшін айына 70 мың теңге төлеуге тура келеді. Әлеуметтік осал топқа жататындар үшін бұл қызмет тегін. 

"Егер адам банкроттыққа арыз берсе, оның қаржы менеджерінің қызметіне ақы төлеуге мүмкіндігі жоқ екені түсінікті. Сондықтан оларға бөліп төлеу немесе конкурс негізде төлеу туралы келісім жасауға міндетті. Мұнда қаржы менеджерінің жұмысы тек борышты бөліп төлеуге және сот банкроттығына қатысты. Ал соттан тыс банкрот бойынша қаржы менеджері керек емес", - деді Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев.

Борышты өтеудің үшінші түрі - төлем қабілетін қалпына келтіру. Тұрақты табысы бар қазақстандықтар осындай процедураға өтініш беріп, сот арқылы қарызды бес жылға дейін бөліп төлейді. Борыш көлемі меншіктегі мүліктің құнынан аспауы керек. Бұл ретте азамат банкрот деп танылмайды.

"Біріншіден, 5 жыл ішінде банктерден және микроқаржы ұйымдарынан ломбард пен микрокредит алудан басқа несие ала алмайды. 7 жыл ішінде қайта банкроттықта жүгіне алмайды. Олардың қаржылық жағдайын банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеру процедуралары жүргізіледі. Төлем қабілетін қалпына келтіру кезінде мұндай салдар қолданылмайды", - деді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Сарапшылардың айтуынша, банкроттық туралы заң банктер мен микроқаржы ұйымдарының бәріне бірдей несие беруіне тежеу болады.

Өйткені мемлекет банкрот болған адамның борышын банкке өтеп бермейді. Тек сот арқылы банкрот деп жариялап, борышкердің мүлкін тәркілеген жағдайда ғана бюджеттен қарызды қайтарады. Ал жаңа заңды өз мүддесіне пайдаланып, арам оймен несие алғандар жазаланады. Дүние-мүлкін жасырып, жалған банкроттық жариялағаны үшін 700 мың теңгедей айыппұл қарастырылған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек