Мүгедектігі бар балаға жәрдемақы қалай тағайындалады?

Мүгедектігі бар балаға жәрдемақы қалай тағайындалады?
Фото: elements.envato.com

Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанда 98 254 бала мүгедектігі бойынша есепте тұрған. Былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері "мүгедек" атауын "мүгедектігі бар адам" деген атауға, ал осындай баланы тәрбиелеп отырған отбасы "мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы" деген атауға өзгеретінін мәлімдеген еді. Тиісінше, санаторий мен курортқа тегін жолдама беру мәселесі көтерілген болатын. Одан бөлек, елімізде мұндай отбасыларға жәрдемақы тағайындалады. Massaget.kz тілшісі ерекше бала тәрбиелеп отырған анамен сұхбаттасты. Ақтау тұрғыны жәрдемақыға өтініш беру қалай жүзеге асатынын аналарға көмек ретінде оңай түсіндірді.

  1. Ең алдымен, балада анықталған диагнозға байланысты дәрігердің есебінде тұруы қажет екен. Кейін дәрігер қойған диагнозға байланысты комиссиядан өтуі қажет.
  2. Баланы барлық дәрігердің тексерісінен өткізу керек. Сынамалар тапсырады. Егер бала бұған дейін аурухана, оңалту орталығына жатқызылса, барлық құжатын жинап, комиссияға бару керек.
  3. Комиссия құжаттарды қарап, медициналық-әлеуметтік сараптамаға жібереді. Бұл комиссиялардың бәріне баланы апару керек. 
  4. Комиссия баланың жағдайын қарап, мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындайды.

"Жағдайы ауыр болса, өмір бойына немесе ұзақ жылға беріледі. Балаға көмек көрсетіледі. Мәселен, жылына бір рет тегін 20 жөргек, дымқыл майлық, шамамен 150 мың тұратын жүріс арбасы, қыс пен жазға 37 мың теңгенің ортопедиялық аяқкиімін берді. 250 мың теңгенің арбасын береді", - дейді церебральды сал ауруы бойынша баласына жәрдемақы тағайындалған ана.

Берілген көмектер

"Азаматтарға арналған үкімет" порталында мүгедектік мынадай мерзімдерге тағайындалатыны көрсетілген:

- он алты жасқа дейінгі адамдарға - 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға және он алты жасқа толғанға дейін;
- он алты жастан он сегіз жастағы адамдарға - 6 айға, 1 жылға, он сегіз жасқа толғанға дейін;
- он сегіз жастан асқан адамдарға - 6 айға, 1 жылға, 2 жылға немесе қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленеді.

Айта кетейік, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға жәрдемақы тағайындау туралы өтінішті онлайн түрде беруге болады. Бұл қызмет Азаматтарға арналған үкімет электрон сайтында қолжетімді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова